Түркістан облысында тағы үш аудандағы ауылдарды су басты
2020 ж. 14 мамыр
1377
0
Түркістан облысының тағы үш ауданында жауын-шашын салдарынан аулаларды су басты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазығұрт ауданы әкімдігінің мәліметінше, кеше кешкісін сағат 19:30 шамасында өрт сөндіру бөлімінің байланыс торабына Алтынтөбе, Жігерген, С.Рақымов ауыл округтері тұрғындарынан үйдің ауласына жаңбыр суы жиналғаны туралы хабар келіп түскен.
«Оқиға орнына Қазығұрт ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы мен аудан әкімдігі қызметкерлері дер кезінде шығып, Алтынтөбе ауыл округі мен Қаржан елді мекенінде 2-үй, 1-емхана, 1-дәріхана, 2-қоражайдың аулаларына су кіргенін анықтаған. Ал, Жігерген ауыл округі бойынша 30-үйдің ауласына су кіргені және 4-қора құлағаны тіркелді. С.Рақымов ауыл округі Қызылата елді мекенінде 4-үй, 1-мешіттің ауласына су кіргені анықталған. Көкібел су қоймасының (151,0 мың м3) толуына байланысты Көкібел елді мекеніндегі 27 отбасының 133 адамы Көкібел мектебіне эвакуацияланып, азық-түлікпен, медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Оқиға орнында өрт сөндіру бөлімінің 30 қызметкері, аудан, ауыл әкімдігінің 15 қызметкері 6-техника және 5 мотопомпамен үй аулаларынан су шығару жұмыстарын жүргізуде. Апаттан зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта жағдай толық бақылауға алынып, келтірілген залал шығындары есептелуде»,- делінген хабарламада.
Ал, Сайрам ауданында нɵсерлi жауын-шашынның салдарынан Ақсукент, Қарасу, Қарабұлақ, Манкент ауылдарындағы 7 үйдің ауласына су жиналғаны хабарланды. Аудан әкімдігі, ТЖБ басшылығы мен ауыл əкiмдерi тарапынан дер кезінде тиісті алдын алу шаралары қабылданып, су сорғыш мотопомпаларымен үй ауласындағы суды сорып тасталды.
Cонымен қатар, Бәйдібек ауданында да жауын шашын салдарынан су тасқыны болды. Ақбастау ауылдық округіне қарасты Тұрақты елді мекенінде жауын-шашын салдарынан Тұтарық каналы 4 жерінен бұзылып, ауылды су басқан. Аудан әкімдігінің мәліметінше, су тасқыны кеше кешкісін саған 20:00 шамасында орын алған. Соңғы мәлімет бойынша 2 қора құлаған, ауласына су кірген үйлердің саны нақтылануда.
Сонымен бірге қырдағы сай-салалардан ағып келген сулардың салдарынан Боралдай ауылдық округіндегі Қаратас ауылының 6 үйіне, Боралдай ауылындағы Ә.Жұмаділұлы көшесіндегі 6 үйдің ауласына су кірген. Су айдағыш құрылғылар арқылы су ауладан шығарылуда. Келген шығын көлемі есептелуде Еске сала кетейік, бұған дейін Түркістан облысының Төлеби ауданында Қасқасу өзені арнасынан асып, 4 көпірді су шайып кеткені туралы хабарлаған болатынбыз.
Сонымен қатар, Шымкент қаласындағы 60 үйдің ауласын да су басып қалды.