Хакерлер мемлекеттік органдардың сайттарына шабуыл жасады
2020 ж. 13 мамыр
1742
0
Хакерлер Қазақстандағы мемлекеттік органдардың сайттарына шабуыл жасады. Ұлттық ақпараттық технологиялар (ҰАТ) акционерлік қоғамының мәліметтері бойынша, электрондық үкімет порталының жұмысында бірқатар мәселелер туындады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Жеке мәліметтердің әшкереленуі анықталған жоқ", – деп мәлімдеді акционерлік қоғам өкілдері.
Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарындағы проблемалар сейсенбі, 12 мамыр күні тіркелді.
Проблемалар EGov.kz порталы мен "Е-лицензиялау" және басқа да электрондық үкіметтің барлық құрамдас бөліктерінде байқалды.
"Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мемлекеттік техникалық қызметімен бірлескен жедел жұмыс жүргізу нәтижесінде, мемлекеттік сектордағы интернет-ресурстарға қатысты шетелдік интернет сегментінен DDoS-шабуылы тіркелді", – делінген хабарламада.
Ұлттық ақпараттық технологиялар компаниясының дерегі бойынша шабуыл 48 елден 550-ден астам IP-мекен жайдан жасалған.
"Ресурстардың жұмысына шабуылдың әсерін азайту және оны толығымен оқшаулау бойынша шаралар қабылдануда", – деп хабарлады компания өкілдері.