Сапарбаев: Тараз әкімдігі қалғып отыр, қашан оянатыны белгісіз
2020 ж. 27 сәуір
1310
0
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз әкімдігінің басшылығын сынға алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі әкімнің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Басқосуда Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев облыс орталығының тұрғындарының барлық қол жетімді байланыс арналары, соның ішінде әлеуметтік желілер арқылы түскен хабарламаларында ескертілген көптеген кемшіліктерге қатысты жауап беруге мәжбүр болды. Қала тұрғындары қалалық қызметтер мен тікелей Тараз әкімдігінің жұмысына байланысты 16 мыңнан аса өтініш жолдаған. Әлеуметтік желілерде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың атына қалалық әкімдіктің қызметіне қатысты 178 өтініш келіп түссе, олардың 33-і ғана орындалды. Тұрғындарды негізінен қоғамдық көлік жұмысының нашарлығы, автобус аялдамаларының жай-күйі, жол жамылғысы, қоқыстың, ашық люктердің көптігі, ағаштарды заңсыз кесу және тағы басқа осы секілді мәселелер толғандырып отыр", - делінген хабарламада.
Бердібек Сапарбаев атап өткендей, жалпы облыс бойынша түрлі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің орындалмауы Тараз қаласы әкімдігінің қызметімен байланысты болып отыр. Оған мысал ретінде бюджеттік салық түсімдерінің қысқарғанын атап өтуге болады.
Тағы бір мәселе - Тараздың Абай, Қойгелді, Бейбітшілік және басқа да орталық көшелеріне қатысты. Оларды жөндеу жұмыстары наурызда басталуы керек болғанымен, жоспар орындалмаған. Оған не кедергі болғаны белгісіз.
"Тараз әкімдігі қалғып отыр, қашан оянатыны белгісіз", - деді Бердібек Сапарбаев. Облыс әкімінің сөздері шұңқырлар, арық-жыралар бейнеленген слайдтармен сүйемелденді.
"Қызыл сызыққа қатысты талаптарының бұзылуы әдетке айналды. Құрылыс нысандары тротуарлардың үстіне шығып, қарапайым адамдардың қозғалысына кедергі келтіруде. Сондықтан халықтың наразылығы түсінуге болады. Аялдамалардың жай-күйі де көңіл толмайды. Шатыр соғып, адамдарға ыңғайлы орындықтар орнату соншалықты қиын жұмыс па? Мен бұл туралы қала әкіміне бірнеше рет айтқанмын. Бірақ ештене өзгерген жоқ. Мұның барлығы жауапты тұлғалар тарапынан бақылаудың жоқтығынан", - деді Бердібек Сапарбаев.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, қаладағы арықтардың бәрі бітелген, көптен бері су ағудан қалған.
Тараз қаласы әкімінің ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебі кезінде Бердібек Сапарбаев өз ескертулерін айтып, орындалмаған тапсырмаларды еске салды. Нақтырақ айтсақ, ол тұрғын үй және басқа да құрылысқа қажетті бос жерлерге талдау жүргізуге қатысты тапсырмалар еді.
"Қала әкімдігінің басшылары өнеркәсіп кәсіпорындарына бармайды, шағын және орта бизнес субъектілерімен байланыс орнатпайды. Шенеуніктердің басты міндеті - кабинетте отыру емес, экономиканы алға жылжытуға ықпал жасайтын кәсіпкерлік қол ұшын созу", - деді Сапарбаев.
Өз кезегінде Айтқазы Қарабалаев білікті кадрлардың жоғын алға тартты.
"Кадр мәселесін әкім шеше алмаса, кім шешеді? Бес ай бойы орынбасарын сайлай алмайтын ол қандай басшы? Сізге тұрғын үй секторы немесе құрылысты жақсы білетін адамды табу керек дедім. Бүгін 25 сәуір. Ақша бөлінді, бірақ әлі күнге орталық көшелерді жөндеуге кіріспей отырмыз, неге?", - деді облыс әкімі.
Қарабалаевтың айтуынша, Абай көшесін жөндеу 2 мамырда аяқталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, жұмыстың уақытылы басталуына жауын-шашынның көптігі әсер етуде екен.
"Қала шаруашылығының әрбір бағыты бойынша талдау жүргізіп, ыстық нүктелерді анықтаңыз. Қала тұрғындарын толғандыратын мәселелерді шешу үшін арнайы жұмыс топтарын құрыңыз. Қоғамдық бақылауды реттеңіз. Облыс орталығының тұрғындарымен нақты кері байланыс орнатыңыз, олардың шағымдарына жедел жауап беріңіз. Сіз тұрғындарға көмектесу үшін осы лауазымға тағайындалғансыз. Ірі, шағын және орта бизнес кәсіпорындарымен тығыз жұмыс істеңіз, олардың мәселелерін назарға алу керек. Мұндай жиналыстарды жиі өткізіп отырамыз. Бастапқыда тоқсан сайын ұйымдастырамыз. Сіздің жұмысыңыз туралы жарты жылдың қорытындысы бойынша бағалаймыз", - деді Бердібек Сапарбаев қала әкіміне.