«Қазақы терминдерді халық жасайды» байқауының жеңімпаздары марапатталды

"ҚАЗАҚЫ ТЕРМИНДІ ХАЛЫҚ ЖАСАЙДЫ" БАЙҚАУЫНДА КІМ ЖЕҢДІ?

     Бір қарағанда өзге тілдегі сөздің баламасын ойлап табу түкке тұрмайтын іс сияқты болып көрінеді. «Сөз табу да қиын болып па тәйірі» дейтіндер де аз емес. Ал шындап келгенде бұл өте күрделі іс, үлкен ғылым. Ол тек әлгі сөзге жуық балама ғана болмауға тиіс, ол мүмкіндігінше қазақы, яғни ұлттық түсінікке жақын, ақылға қонымды, құлаққа сіңімді, ең бастысы өміршең болуға тиіс.     Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаев қазіргі әлемді жайлап отырған індеттің кесірінен болып отырған дағдарысты жағдайда қол қусырып отырмай, карантин жағдайында да белсенді болуға үндеп, әрі осындай әр шаңырақта төрт көзіміз түгел отырғанда отбасымызбен кейбір ұлттық құндылықтарды дамытуға шақырғаны белгілі. Осы тұста маған белгілі мемлекет, қоғам қайраткері, ұлтжанды азамат Әлихан Бәйменов хабарласып, қазақтың тілдік қорын байыту, тіл тазалығы мен сәтті терминдер жасауға қатысты ойын айта келіп осы сәтті пайдаланып ел ішінде онлайн байқау өткізсек қайтеді деген пікірін айтты. Әлекеңнің бұл бастамасын Тіл комитеті қолдайтынын айттым. Дәл сол күні "Қазақы терминді халық жасайды" деген конкурсты жариялап кеп жібердік. Барша қазақстандықтарға "Сіздіңше қай сөздің баламасы жоқ? Қазақша қалай атар едіңіз?" деген сауал қойып, жұрттан түскен ұсынысты арнайы конкурстық комиссияда қарап, сәтті балама тапқан азаматтардың атын атап, жеңімпаз деп танитынымызды айтып мақала бердік, байқау ережесін де жарияладық.  Айта кету керек, байқау барысы мен нәтижесін Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың өзі қадағалап отырды. Байқауға қатысушылар бірінші кезеңде өздері жасаған 5-10 терминін ұсынды. Байқаудың бірінші кезеңіне  еліміздің әр өңірінен қатысқандар арасынан 14 адам өтті.  Екінші кезеңде қатысушыларға 10 шеттілдік терминнің қазақ тіліндегі сәтті аудармасын жасау тапсырылды. Бұл  кезеңнен 5 адам сәтті өтті. Үшінші кезеңде екінші кезеңнен іріктелген қатысушылар мәтін ішіндегі шеттілдік салалық терминдердің қазақша баламасын жасады.  Үшінші кезеңнен кейін байқау қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар анықталды. Жеңімпаз – үш адам!  Бүгін міне, осы  «Қазақы терминдерді халық жасайды» республикалық онлайн байқауының қорытындысы шығарылып, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында онлайн марапаттау рәсімін өткіздік. Республикалық байқаудың жеңімпаздарын онлайн-марапаттау рәсіміне Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт  вице-министрі Нұрқиса Дәуешовтің өзі келіп, министрдің қолы қойылған Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарын жеңімпаздарға жария етті. Сонымен бірге бірінші, екінші кезеңде белсенділік танытқан қатысушыларға алғысхат берілді.   Министрдің ІІІ дәрежелі дипломымен үшінші орынға ие болған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Шаяхмет Ақылбек, ІІ дәрежелі дипломмен екінші орын алған А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері, гуманитарлық ғылымдар магистрі Шүленбаев Нұрлан, І дәрежелі дипломымен  бірінші орын иеленген «Елсана-Аманат» қоғамдық қорының президенті, педагогика ғылымдарының магистрі Ерғали Серік марапатталды.  Ал байқауда белсенділік жүлдеден үміткер болған қатысушылар: Әл-фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақ тіл білімі кафедрасының оқытушысы Ақжігітова Аққибат, «Астана ақшамы» газетінің тілшісі Үсемханұлы Қалиакбар, Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі, География мамандығының PhD докторы Лайсханов Шахислам, Тұран университетінің оқытушысы Жарылқасын Жарылғап министрдің алғысхатымен марапатталды.  Байқауды қорытындылау барысында белгілі саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Байменов, танымал терминолог   ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы, белгілі қаламгер, «Қазақ үні» газетінің бас редакторы Қазыбек Иса және байқауда бірінші жүлделі орынды иеленген Ерғали Серік мырзалар сөз алып, термин жасаудағы кейбір түйткілді мәселелерге тоқталып, өз ұсыныстарын айтты. Байқау қорытындысы бойынша анықталған үздік терминдер                    ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясының қарауына ұсынылатын болып шешілді. Онлайн конференцияға қатысушылар небір сәтті баламаларды қарапайым халық, ел ішіндегі азаматтар ұсына алатынына ерекше мән берді. Яғни, «Қазақы терминді халық жасайды» Байқауы жалғасатын болады. ...Жан жағыңызға қарай жүріңіз, қандай заттың қазақша баламасы жоқ? Ойланыңыз. Тапсаңыз бізге (bakytgul.iskakova@mail.ru ) жазып жіберіңіз. Бұл - Сіздің қазақы термин жасауға қосқан үлесіңіз болады. Әділбек Қаба, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары