ДАҒДАРЫСТЫ ЖАҒДАЙДА ҮКІМЕТ МҮШЕЛЕРІ ШАРАСЫЗДЫҚ ТАНЫТЫП ОТЫР - Азаматхан Әміртай
2020 ж. 21 наурыз
5811
0
Әлемнің 155 еліне таралып, жер-жаһанның құтын қашырған коронавирус індетімен күрес әзірге нәтиже берер емес. Бүгінгі күні бұл індетті Қазақстанда 49 адам жұқтырып, бас қала Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылды. Арты не болмақ? Белгісіз. Осыған байланысты, өзім жетекшілік етіп отырған «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсыда облыстарда штабтар ашып, қолдан келгенше індетпен күресті бастады. Дегенмен жағдай қиын. Тек бізде емес, Әлем бойынша. Корнавирустың таралуы және жығылғанға жұдырық болғандай мұнай бағасының құлауы әлем экономикасының тежелуіне әкеліп соқтырды. Тек мұнаймен газ емес, түсті металдардың да бағасы құлдырады. Тек осыған ғана арқа сүйеп, әлі күнге тек шикізат «отаны» аталып отырған Қазақстан үшін, бұл ауыр соққы. Тіпті бізден экономикалық қуаты ондаған есе мықты Ресейдің өзі қайранға батқан кемедей күй кеше бастады. Ресей Есеп палатасының төрағасы Алексей Кудрин «мұнай бағасы 35 доллардан көтерілмесе, Ресей бюджеті биылғы жылы 3 триллион рубльден (38 млрд доллар) қағылады» деп еңірегенде етегі жасқа толып отыр. Ресей осылай зар иелеп жатқанда, Қазақстан не тәйірі? Ел бюджетінің 40 пайыздан астамы осы қара алтыннан түсіп отырғанын (биылғы жылдың бюджетінде мұнай бағамы 55 доллар деп бекітілген) еске алсақ, қаншама қаржыдан қағылатынымыз белгілі. Қазақстанда мұнайдың салықпен қоса есептегендегі құны 30 доллардың шамасында. Ал, бүгінгі күні әлемде қара алтынның бір баррельі 26-27 долардың арасында құбылып тұрғанда, ешқандай пайда түспейтіні белгілі. Демек, Ұлттық қордағы ақша ел экономикасын, банктерді, тенгенінің үздіксіз құлдырауын ұстап тұру үшін жұмсалатыны анық. Тоқаевтың айтуынша елде 90 миллиард доллар көлемінде халықаралық резерв бар көрінеді. Бұл көп қаржы емес. Егерде әлемді жайлаған Коронавирус індетімен мұнай бағасының құлауы осылай кем дегенде 5-6 айға созылатын болса, әп-сәтте жоқ болатын татымсыз ақша. Ал, нағыз дағдарыс, әлеуметтік жарылыс сол кезде болмақ. Қазірдің өзінде коронавирусқа байланысты шағын және орта бизнес үлкен шығынға бата бастады. Жұмыссыздық белең алуда. Теңге құнсыздануын жалғастыруда. Мұның себебі неде? Ең өкінштісі, тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардан бері, бүгінге дейін біз тек шикізатқа құрылған экономиканы ғана құрдық. Мемлекет қаржысы ешқандай пайда әкелмейтін ЕХРО секілді көрмелерге, көк тиындық кірісі жоқ, жобалармен форумдарға жұмсалды. Өндіріс дамымады. Дағдарысты жағдайда елді сүйреп шығаратын өнеркәсіп орындары жоқтың қасы. Ал, соның зардабын енді тартып жатырмыз. Коронавирус пен мұнай бағасының құлауына байланысты елде тауар бағасы қымбаттады яғни инфляция өршіді, жұмыссыздық басталды, тенгенің долларға шаққандағы бағамы күрт өзгерді яғни девальвация жүрді. Халықты айтпағанда бұған Үкіметтің өзі дайын болмай шықты. Рас, қысқа мерзімді шаралар қолға алынып жатыр. Бірақ жағдай 4-5 айға созылып кете беретін болса, не болмақ? Үкіметтің қандай жоспары бар? Белгісіз.
Азаматхан Әміртай,
«Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы