«Ақ жол» партиясы қазақстандық студент қызды қолдады
2020 ж. 13 наурыз
1814
0
Өткен жылдың желтоқсан айында «Ақ жол» партиясына «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-та білім алып жатқан Әйгерім Молдашевадан өтініш келіп түскен болатын. Ол – ата-анасынан ерте айырылған, қайсар да батыл, өте дарынды қыз. Авиациялық университетті бітірген соң, АН-2-де ауылшаруашылық авиациясының ұшқышы болып жұмыс істеді. Содан кейін Ирландияда оқып, «Эйр Астана» ұлттық компаниясында Boeing жолаушылар ұшағында екінші ұшқыш болып жұмыс істеді. Ол 2000-шы жылдардың басында жоспарланған ғарышкер құрамына іріктелген алғашқы қазақ қызы. Алайда, өкінішке орай, ол құрам құрылмай қалды. Қазіргі уақытта Әйгерім оқуын АҚШ-та жалғастыруда.
Өтініш иесі партия атына жазған хатында оқу орнындағы оқу ерекшелігіне байланысты қосымша жазғы семестрді өзінің оқу жоспарына қосуды сұрап, дәлел ретінде бекітілген оқу жоспарын ұсынған болатын.
Осыған орай, фракция төрағасы Азат Перуашев Мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаевқа осы өтініштің оң шешілуіне ықпал етуін сұрап хат жолдаған болатын.
Жуырда ҚР Білім және ғылым вице-министрі Б.Асыловадан Ә.Молдашеваның академиялық оқытудың бесінші семестрін енгізу бойынша өтініші 2019 жылғы 20 желтоқсанда «Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлерінің өтінішін қарау жөніндегі комиссияның №119 хаттамасына сәйкес қанағаттандырылғандығы жөнінде хабарлап, хатқа жауап берді.