Коронавирус: Қазақстан азаматтарына бірнеше елге баруына шектеу қойылды
2020 ж. 26 ақпан
1343
0
Коронавирус инфекциясынан қорғану бойынша Қазақстан азаматтарына бірнеше елге баруға шектеу қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин айтып берді.
«Әлемде коронавирус бойынша жағдай күнде өзгеріп тұр. ҚХР-да жағдай тұрақты болса, басқа елдерде жағдай күрделеніп барады. Мысалы, кейінгі кездері Иран Республикасында жағдай күрделеніп барады. Ресми түрде онда 42 оқиға тіркеліп, оның 12-сі өліммен аяқталды. Оңтүстік Кореяда 10 өлім-жітім оқиғасы, Италияда - 10, Гонконгта - 2 жағдай тіркелді. Сондықтан, реттеп алған 3 санаттың тізімі өзгертілді», - деді Ж. Бекшин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Денсаулық сақтау министрлігі 1-санаттағы қауіпті елдер тізіміне тағы бірқатар мемлекетті енгізген.
«Бұрын бірінші санатта тек ҚХР болса, бұл тізімге Оңтүстік Корея, Жапония, Италия, Иран, Қытайдың арнайы әкімшілік аймақтары - Гонконг, Макао, Тайвань аймағы енгізіліп жатыр. Бұл шешім әлемдегі жағдайдың күрделенуін көрсетіп жатыр. Бұл елдерден келген азаматтар 1 наурыздан бастап, үйде карантинге оқшауланады. Олар өз мекенжайы бойынша оқшауланады. Күнделікті жергілікті дәрігерлер осы азаматтарды қарап шығып, нақты тапсырма беріп жатыр», - деді Ж. Бекшин.
Қауіптілігі жағынан екінші санатта үш мемлекет бар - Сингапур, Таиланд, Малайзия.
«Үшінші санатқа - Вьетнам, Германия, Аустралия, АҚШ, Араб әмірліктері, Канада енгізілді. Бұл елдерден келіп жатқан азаматтар еркін жүреді, шаруаларымен айналыса алады. Бірақ, олардың жағдайын медициналық қызметкерлер телефон арқылы күнара біліп тұрады», - деді бас санитарлық дәрігер.