ЕАЭО аумағынан көлік әкелуге қатысты жаңа қаулы шықты

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде тіркелген жекелеген көлік құралдарын Қазақстан Республикасына әкелудің және ҚР азаматтарының пайдалануына қатысты жаңа қаулысына қол қойды.

Қаулы primeminister.kz сайтында жарияланды.

***

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде тіркелген жекелеген көлік құралдарын Қазақстан Республикасына әкелудің  және Қазақстан Республикасы азаматтарының пайдалануының  кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін іске асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы № 28 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2016 ж., № 3-4, 18-құжат) мынадай толықтырулар енгізілсін:

көрсетілген қаулымен бекітілген Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін іске асыру қағидаларында:

20-тармақ мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:

«Қазақстан Республикасының азаматтары Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден 2020 жылғы 1 ақпанға дейін әкелген автокөлік құралдарына қатысты төлем 2021 жылғы 1 наурызға дейін енгізіледі.»;

22-тармақ мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:

«Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерді орындағанын растайтын құжат Қазақстан Республикасының азаматтары Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден 2020 жылғы 1 ақпанға дейін әкелген автокөлік құралдарын бастапқы тіркеу кезінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органға 2021 жылғы 1 наурызға дейін ұсынылады.»;

2. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі 2020 жылғы 1 наурызға дейін заңнамада белгіленген тәртіппен:

1) Қазақстан Республикасының азаматтары Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден 2020 жылғы 1 ақпанға дейін әкелген, «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» Еуразиялық экономикалық одақ техникалық регламентінің (Кеден одағы Комиссиясының 2011 жылғы 9 желтоқсандағы № 877 шешімі) талаптарына сәйкес келетін автокөлік құралдарын тіркеу;

2) көрсетілген санаттағы автокөлік құралдарын тіркеу туралы куәліктердің жарамдылық мерзімін 2021 жылғы 1 наурызға дейін белгілеу;

3) Қазақстан Республикасының азаматтары Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден 2020 жылғы 1 ақпанға дейін әкелген көлік құралдарын тіркеу жөніндегі ақпаратты Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне жіберу бойынша шаралар қабылдасын.

3. Қазақстан Республикасының Қаржы, Ішкі істер, Әділет, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктері заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.

4. Осы қаулы алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2021 жылғы 1 наурызға дейін қолданылады.

Қазақстан Республикасының          

Премьер-Министрі                                                               

А. Мамин