Жұмыссыздар тұрмыстық қылмыстарға жиі барады
2019 ж. 25 желтоқсан
1649
0
Бұл туралы Павлодар облысы әкімінің төрағалығымен өткен жиында облыстың полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов мәлімдеді, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.
Жүргізілген зерттеулерге сүйенсек, тұрмыстық қылмыстардың 73 пайызын жұмыссыз азаматтар, ал 63 пайызын мас күйдегі адамдар жасайды. Мемлекеттік органдар құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары жүргізуде. Алайда, отбасылық-тұрмыстық бағыттағы қылмыстар саны артып отыр. Әсіресе, Павлодар мен Екібастұз қалаларының тұрғындары "көш бастап" тұр. Облыстың 280-нен астам тұрғынына алкогольдік сусындар пайдалануға тыйым салынды.
Болат Бақауовтың пікірінше, учаскелік инспекторлардың жұмысын жандандыру керек.
- Учаскелік шақыртулар орын алған отбасыларға кем дегенде аптасына бір рет барып тұру керек. Сонымен қатар, учаскелік инспекторлар алкогольдік сусындарды жиі ішетін адамдарды жақсы тануға тиіс. Учаскелік инспекторлардың жұмысын жандандыруды тапсырамын, - деді облыс әкімі.
Облыста өзгенің мүлкін ұрлау көрсеткіші төмендеп отыр. Нұрлан Мәсімовтың сөзінше, өзгенің мүлкін ұрлауға қарсы бағдарламаның нәтижесінде ұрлық 28 пайызға (5531-де 3987-ге) қысқарды. Оның ішінде пәтер тонау 32 пайызға (625-тен 423-ке), салондардағы ұрлық 38 пайызға (296-ден 184-ке), қалта ұрлығы 57 пайызға (125-тен 54-ке), телефон ұрлығы 13 пайызға (1124-тен 975-ке) төмендеді. Десе де, бағдарлама мал ұрлығының алдын алуға әсер етпей отыр. Мал ұрлығы 16 пайызға артқан (111-де 129-ға).
Жиын қорытындысы бойынша облыс тұрғындарының қауіпсіздігін сақтауға және учаскелік инспекторлардың қоғаммен бірлесе жұмыс істеуін жандандыруға бағытталған нақты тапсырмалар берілді.