Дания Еспаева Ұлттық кеңес турасында: Президент деңгейінде шешімдер жасалды
2019 ж. 21 желтоқсан
1590
0
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Дания Еспаева Ұлттық кеңестің екінші отырысындағы Мемлекет басшысының тапсырмаларына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бірінші отырыстан бері үш ай уақыт өтті. Осы қысқа мерзімде барлық үш блок ұсыныстарын берді. Президент Әкімшілігінде 18 отырысы өтті. Бұл өз кезегінде ауқымды жұмыс атқарылғанын білдіреді, яғни әрбір блок 30-дан кем емес ұсыныс енгізді. Бүгін Президенттің сөзінен ұсыныстардың көбі қабылданғанын түсіндім», - деді Дания Еспаева.
Айта кетейік, ол Ұлттық кеңестің экономикалық блогының құрамында жұмыс істеуде.
«Экономикалық блок қамтыған ұсыныстардың көбі бойынша Президент деңгейінде шешім қабылданғаны қуантады. Сонымен қатар, саяси реформалар да назардан тыс қалмады. Өздеріңіз білесіздер, қоғамның даму процесі бар. Сондықтан партияларды тіркеуге қатысты мәселе маңызды болды. Бүгінгі отырыс барысында біз жақсы жаңалықты естідік, мүшелері саны 20 мың болса, партияны тіркеу мүмкіндігі туралы айтылды. Яғни партияны тіркеуде мүшелер санының төменгі шегі екі есеге азайтылмақ», - деді Д. Еспаева.
Айта кетейік, қазір саяси партияны тіркеу үшін оның кем дегенде 40 мың мүшесі болуы керек. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2-отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тіркеу үшін партия мүшелері санының төменгі шегін екі есеге азайтуды ұсынды, яғни 20 мыңға дейін.