"Финбет" құмар ойындардан үш миллиардтан астам пайда тауып отырған
2019 ж. 20 желтоқсан
1796
0
Елімізде тағы бір букмекерлік компания басшыларының қолына кісен салынды. Бұл жолы тықыр «Финбет» кеңсесінің жетекшілеріне тықыр таяған екен. Спорттық жарыстарға бәс қабылдаймыз дейтін букмекерлер шын мәнісінде заңсыз құмар ойындарынан қыруар пайда түсіріп жүріпті.
Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
Дегенмен бұл букмекерлік кеңсе басшылары оңайлықпен беріле салмады. Ішінен тас қып бекітіп алған есікті арнайы жасаққа бұзып кіруге тура келді.
Экономикалық тергеу қызметкерлері «Финбеттің» бас-аяғы 43 кеңсесінің астан-кестеңін шығарды. Атап айтқанда, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар облыстарындағы букмекерлік кеңселерде құмар ойындар заңсыз өткізілгені анықталған. Ол жерлерден қап-қап құжаттар мен жалған мөрлер тәркіленді.
Одан бөлек, сейфтерінен ондаған ескі маркілі ұялы телефондар алынды. Енді тергеушілер тыңдалмайтын тұтқалар арқылы «Финбет» басшылары кіммен сөйлескенін анықтайды. Әзірге табысы атышулы «Олимптен» кем түспейтін «Финбеттің» құмар ойындарынан жылына 3 миллиардтан астам теңге түсіріп отырғаны белгілі болды.
Естеріңізге салсақ, екі апта бұрын «Олимп» кеңсесінің есігіне қара құлып салынған еді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті онда букмекерлердің интернет арқылы заңсыз ойын ұйымдастырып, ал түскен табысты шетел асырып отырғанын әшкерелеген болатын.