Қазақ әдебиетінің қарашаңырағы мерейтойын атап өтті
2019 ж. 12 желтоқсан
1526
0
Алматыда Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық Опера және балет театрында Қазақстан Жазушылар одағының құрылуына және «Қазақ әдебиеті» газетінің ашылғанына 85 жыл толуына орай салтанатты пленумы өтті.
Халықаралық жиынға айналған ордалы отырысқа шетелдерден келген Жазушылар одағының басшылары, қазақстандық қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары қатысты. Алдымен қазақ әдебиетінің қара шаңырағына айналған киелі орданың 85 жылдық тарихынан сыр шертетін бейнебаян көрсетілді. ҚР Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет баяндама жасап, аталған ұйымның осы жылдар аралығында жеткен жетістіктерімен қатар, соңғы кездер атқарылған ауқымды жұмыстарына тоқталды.
«Қазақ елі қашанда жазушылар қауымдастығын жанына сүйеу, рухына тіреу санайды. Ежелден сөз өнерін кие тұтқан қазақ өткен ғасырдың басында бір ұйымға ұйысқан ақын-жазушылар қауымдастығында дәл осындай үлкен үміт артқан болатын. 85 жылдық тарихында сөз зергерлері сол үмітті ел сенімінің темір қазығына айналдыра білді. Қазақстан Жазушылар одағының бір ғасырға жуық тарихын тарата зерттейтін болсақ, одан қазақтың қилы кезеңдерімен тұтасып жатқан жүздеген томға жүк болатын қызығынан қасіреті басым, тауқыметті тағдырлардың шежіресін көреміз»,- деді салтанатты жиынға аранайы қатысқан ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев.
«Бүгінде 800-ден астам қаламгердің басын біріктіріп отырған киелі ұйым Жазушылар одағының құрылғанына 85 жыл толды. Сәкен Сейфуллин іргесін қалаған жазушылар одағын әр жылдары Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев, Ғабит Мүсірепов, Әли Шәріпов, Әнуар Әлімжанов, Олжас Сүлейменов, Нұрлан Оразалин басқарған. Қазақ сөзі қиын-қыстау замандарды басынан өткерді. Қазақ тілі қаржы, сот, экономика саласынан ығыстырылып өгей күй кешкені анық. Тап сол кезеңдерде қазақ тілі пана тапқан жалғыз ұйым Жазушылар одағы болатын»,- деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.
qazaquni.kz