«Күнделікте» ақылы қызметтер тоқтатылады
2019 ж. 04 желтоқсан
1947
0
«Күнделікте» ақылы қызметтер тоқтатылады. «Ақ жол» партиясының депутаттық сауалына Премьер-Министрден осындай жауап келді.
Естеріңізге салар болсақ, «Ақ жол» фракциясы ағымдағы жылдың 30 қаңтарында,11 сәуірі мен 30 қазанында депутаттық сауалдарында «Күнделік» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің жұмыс істеуіндегі мәселелерге бірнеше рет назар аударған болатын. Депутаттар еліміздегі барлық мектептер толығымен Интернетпен қамтамасыз етілгенге дейін «Күнделік» жүйесін міндетті пайдалануды тоқтата тұруды ұсынып, сондай-ақ, жүйенің жұмысын жетілдіруін, үнемі үздіксіз жұмыс істеуін және автоматты қорғауды қамтамасыз етуді сұраған болатын. Сонымен бірге, «Ақ жол» партиясының депутаттары «Күнделік» жүйесіндегі бірқатар қызметтерге ақы төлеу мәселесін де көтерді. Өйткені, аталмыш ақпараттық жүйеде сараптау, салыстыру, рейтингтер, ұсыныстар, пікірлер мен мобильді қосымша сынды қызметтер ақылы болған.
Азат Перуашев 28 қарашада Мәжілістің жалпы отырысында мұғалімнің мәртебесі туралы заң жобасын талқылау кезінде «Күнделік» туралы ақпаратқа ақылы қол жеткізу азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзу болып табылады» деп мәлімдеді.
«Мемлекеттік мекемелерде ақысыз орта білім алу Конституциямен кепілдендірілген. Сіз ата-аналарға оқушының үлгерімі туралы ақпарат алуға мүмкіндік беретін ақылы қызмет түрлерін ұсындыңыз. Оқу процесі ақысыз болуы тиіс, бұл - конституциялық кепілдік. Түсініктемелерге, ұсыныстарға, баланың үлгерім рейтингіндегі көрсеткіштеріне қол жеткізу білім беру процесінің құрамдас бөлігі болып табылады.
Егер ата-ана «Күнделікте» мұғалімнің түсініктемелерін көрмесе, жүйеге телефоннан тегін кіре алмаса, баланың үлгерімін қалай бақылай алады? Бұл – ата-аналардың бізге жеткізген шағымдары», - деді Азат Перуашев.
«Министрлікке ақысыз көрсетілетін қызметтердің тізбесін кеңейту мүмкіндігі туралы келісімді одан әрі қайта қарау тапсырылды. Жалпы, сіз көтерген мәселелер Үкіметтің тұрақты бақылауында», - делінген Бердібек Сапарбаев қол қойған ресми хатта. Сонымен қатар, жауапта Интернетке қосылмаған мектептер «Күнделік» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінен ажыратылатыны айтылған.