Білім министрі мұғалімдерді даярлайтын ЖОО санын қысқартпақ
2019 ж. 25 қараша
2904
0
Білім және ғылым министрлігі бағалау жүйесінің тізбесіне енген 13 университетті тексерді. Бұған дейінгі жасалған ескертулер жойылмағандықтан, 5 университеттің лицензиясы бір айға тоқтатылды.
Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында жазды.
«Сондай-ақ 12 жоғары оқу орнына айыппұл салынып, 1 университет бойынша іс сотқа жіберілді. Жыл соңына дейін тағы 12 ЖОО бойынша бұрын берілген нұсқамалардың орындалуын тексеруді жоспарлап отырмыз. Бұзушылықтар қайта анықталған жағдайда, лицензиядан айыру және ЖОО жабу үшін құжаттар сотқа жіберіледі», - деді Асхат Аймағамбетов.
Айтуынша, қазіргі уақытта министрлікке лицензия беретін орган ретінде, міндеттеріне жауапсыз қарайтын жоғары оқу орындарының лицензияларын өз тарапынан кері қайтарып алуға құқық беретін заң нормаларын енгізу жоспарлануда.
«Бұл бастама мемлекет басшысы тарапынан қолдауға ие болды. Қазіргі уақытта лицензияны қайтарып алу үшін сотқа жүгіну немесе қажет болған жағдайда барлық шағымдану процедурасынан өту керектігін естеріңізге саламын. Оған қоса, премьер-министрдің өкіміне сәйкес Үкімет жанынан жоғары оқу орындарын оңтайландыру комиссиясы құрылды», - деп атап өтті.
Өз сөзінде жоғары оқу орындарына қойылатын біліктілік талаптарының да күшейтіліп жатқанына тоқталды.
«Әсіресе лицензияларында педагогтерді даярлауға арналған қосымшалары бар жоғары оқу орындарына қосымша талаптар дайындауда. Олардың саны – 85». Алайда олардың сапасы сын көтермейтіндіктен, қойылатын талаптарды күшейту арқылы мұғалімдерді даярлайтын ЖОО санын 85-тен 20-25-ке дейін қысқарту жоспарланып отыр. Олар басқа бағыттар бойынша мамандар даярлай береді, ал педагогика бойынша лицензиялары қайтарылып алынуы мүмкін. Шамамен алғанда, әр аймақта мұғалімдерді даярлайтын 1 мықты ЖОО және Алматыда бірнеше оқу орны болмақ», - деп жазды министр.
Нашар сабақ үлгерімі үшін оқудан шығарылғандардың бәрін оқуға қабылдай беру есебінен кейбір жоғары оқу орнына 100 адам түсіп, 800-ге жуық түлек бітіретінін атап өтті.
«Тағы бір жайт, биыл 37 мың студент таяу шетелдің ЖОО-да бір семестр немесе бір жыл оқыған соң қазақстандық шағын ЖОО-на ауысып келді. Ақпартақа сүйенсек, ҰБТ сертификатының талап етілуін айналып өту үшін талапкерлер құжаттарын шетелдік ЖОО жіберіп, бір семестр немесе бір жылдан кейін виртуалды түрде қазақстандық университеттке ауысып алатын тенденция да бар», - деді министр.
Айтуынша, 20-23 мыңға дейін студент оқитын және олардың көпшілігі әдетте сабаққа да бармайтын кейбір өңірлік жеке меншік жоғары оқу орындары да бар.
«Сондықтан да Министрлік осындай жағдайлар мен жауапкершілігі төмен ЖОО қатысты қатаң саясат жүргізуде. Әлбетте, бұл шаралар барлығына бірдей ұнамай бермейтіні анық. Дегенмен, Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, Министрлік жоғары білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету саясатын одан әрі жалғастырады», - деді білім және ғылым министрі.