600 мемлекеттік қызметкер баспана кезегіне заңсыз тұрған
2019 ж. 19 қараша
1976
0
Шығыс Қазақстан облысында 600 мемлекеттік қызметкер мен бюджет саласындағы жұмысшының заңсыз баспана кезегінде тұрғаны анықталды. Бұл облыстық прокуратура жүргізген тексерудің нәтижесінде белгілі болды, - деп хабарлайды baq.kz.
Ведомстводан хабарлағандай, жалпы ШҚО бойынша 19 605 адам баспанаға мұқтаж. Олар жетімдер, халықтың әлеуметтік осал топтары және мемлекеттік қызметкерлер. Биыл кезекте тұрған 360 адамға пәтер бөлінді.
Прокуратура тұрғын үй алуға үміткер адамдардың тізімін тексеріп, заңсыз кезекте тұрған 600 мемлекеттік қызметкер мен бюджет саласындағы жұмысшылардың тізімін анықтады. Атап айтқанда, олардың алтауы елден кетіп, өзге мемлекетте тұрып жатыр. 164 адамның тұрақты тіркеуі болмай шықты. 107 тұрғынның өз баспанасы бар екені және 283 тұрғынның басқа облыс аумағында тұратындығы анықталды, - делінген ведомствоның хабарламасында.
Мәселен кезекте тұрғандардың бірі үш жылдан бері елордада тұрады екен. Сондай-ақ мемлекеттік қызметте емес, ЖШС-да істейді. Осыған қарамастан Өскеменде баспана кезегінде тұр.
Прокуратура заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізді. Кінәлі деп танылған лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды, - дейді мамандар.
Сонымен қатар облыс бойынша "мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасы" санаты бойынша есепте 761 отбасы тұр. Алайда 47 отбасының баласы кәмелетке толған. Сол себепті оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мүмкін емес. Яғни ондай заңнамалық норма жоқ. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес 18 жасқа толған мүмкіндігі шектеулі балаларға қайтадан есепке тұру қажет.