Әлеуметтік саланы қаржыландыру қайта қаралды
2019 ж. 21 қазан
2480
0
ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізу туралы» Заңы қабылданды.
Нақтылаудың негізгі міндеттері – әлеуметтік салада шұғыл қаржыландырылатын жекелеген мәселелерді шешу, кейінгі жылдарда экономиканың өсуі үшін қосымша көздер жасау және 2019 жылдың соңына дейін Үкіметтің кезек күттірмейтін міндеттерге арналған резервінің деңгейін қамтамасыз ету.
«Заң жобасы 2019 жылға арналған елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткіштері сақтала отырып, қалыптастырылды. Республикалық бюджет шығыстарының көлемі 94,9 млрд. теңгеге ұлғайтылды. Республикалық бюджеттің тапшылығы бұрын бекітілген жалпы ішкі өнімнің 2,1 пайызы деңгейінде сақталды», – деді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, Қаржы министрі Әлихан Смайылов. Атап айтқанда, әлеуметтік саладағы шұғыл қаржыландыру мәселелерін шешу мақсатында әлеуметтік блоктың шығыстары 6,7 млрд. теңгеге жетіп отыр. Шығыстарды қайта бөлу барысында, қосымша қаражат атаулы әлеуметтік көмекті төлеуге, медициналық көмек көрсетуге және денсаулық сақтау нысандарының құрылысын жалғастыруға бағытталды. Сонымен қатар, нақты сектордың шығыстары 15,6 млрд. теңгеге өсті. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері ұсынған қаражатты қайта қарап, өнеркәсіпті қолдауға, «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына тұрғын үй қарыздарын беруге қосымша шығыстар көзделді. Заң жобасын дайындау кезінде жекелеген мемлекеттік органдарды қайта ұйымдастыруын ескере отырып, шығыстарды түзету қамтылған. Мұнымен қоса, азаматтық қызметшілердің еңбекақысын арттыруға, жылу энергетикасы мен көлік инфрақұрылымын дамытуға, «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салуға нақты қажеттілігін ескере отырып, өңірлер арасында қаражат қайта бөлінді.
qazaquni.kz