Балабақша қызметкерлерінің 40%-ында арнайы білім жоқ – депутат
2019 ж. 21 қазан
2250
0
ҚР Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева Үкімет сағатында білім саласының қазіргі жағдайына тоқталды, - деп хабарлайды baq.kz.
"Мемлекетіміз әрдайым білім мен ғылым саласына ерекше көңіл бөліп, қомақты қаржы жұмсап, оны дамытуға іс-шараларын іске асырып келеді. Соның бірі – ҚР білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдаралмасы. Бүгінде Білім және ғылым министрлігінің ақпараты бойынша бағдарламаның басым бөлігі іске асырылып, көрсеткіштер орындалып жатыр. Белгілі нәтижелер бар. Мәселен мектепке дейінгі білім беру ұйымдары көбейіп, 3 пен 6 жас аралығындағы балалардың 95,2%-ы қамтылды. Қамту деңгейі жоғары, бірақ әлі 500 мыңнан астам бала өз кезегін күтіп отыр. Оның ішінде 1 жас пен 3 жас аралығында 437 мың бала бар. Осы санаттағы балаларды қамту тұрғысынан тиісті шаралар қабылдап, олардың да есебін жүргізу қажет", - деді вице-спикер.
Исимбаева балабақшаларды тиісті мамандығы бар кадрлармен қамту бойынша жоспарланған 50% көрсеткіш артығымен орындалып, қазір 60%-ға жуықтағанын айтты.
"Дегенмен мектепке дейінгі ұйымдарды бала тәрбиесі және оларды оқытумен айналысатын қызметкерлердің 40%-ға жуығында тиісті білімнің болмауы алаңдатады. Білім ұйымдарын білікті мамандармен қамтамасыз ету – білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі", - деді ол Мәжіліс қабырғасында өтіп жатқан "Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың алдын ала қорытындылары туралы" Үкімет сағаты барысында.