Тоқаев: Алаяқтар түрмеде отыруы керек
2019 ж. 08 қазан
4196
0
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құрылыс саласында "алаяқтардың" көбейгенін айтып, елдің бас прокуратурасы мен ішкі істер министрлігіне осы мәселемен нақты айналысуды тапсырды, - деп хабарлайды qamshy.kz.
Бұл туралы Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде өтіп жатқан елорданы одан ары дамыту мәселелері жөніндегі мәжілісте айтты.
Тоқаевтың айтуынша, қазір Нұр-Сұлтанда құрылысы аяқталмаған "49 проблемалық нысан бар және 13500 үлескер сол нысандардың құрылысының аяқталғанын күтіп жүр".
– Үлескерлік мәселесі де жедел шешуді қажет етіп отыр. Қалада 49 проблемалық нысан қалып отыр. Олардың құрылысының аяқталуын 13 500 үлескер күтуде. Бұл проблеманы шешуге 2018-2019 жылдары 40 млрд теңге бөлінді. Бірақ, небәрі 4,5 млрд теңгесі ғана игерілген. Бұған қоса, әкімдік қосымша 170 млрд теңге сұрайды, – деді президент.
Осы мәселеге қатысты түсініктеме берген қала әкімі Алтай Көлгіновтың айтуынша, әрбір проблемалы нысанға қатысты жол картасы әзірленген.
– Оларда жобалық-сметалық құжаттарының болмауы сияқты проблема болды. Көптеген алаяқтар тұрғындарды алдаған. Қазір олар түрмеде отыр және заңға сәйкес жауапкершіліктері бар. Олар құжаттарын жоғалтып алған немесе бермеген. Сондықтан бүкіл жаз бойы құжаттарын әзірлеумен айналыстық, қаржы институттарымен, екінші деңгейлі банктермен, орталық мемлекеттік органдармен жұмыс істедік. Әрқайсысы бойынша нақты жоспарымыз бар. Біз сіздің тапсырмаңызды орындаймыз, – деді Көлгінов.
Өз кезегінде Тоқаев қала әкімнің "Көптеген алаяқтар тұрғындарды алдаған" деген сөзіне тоқталып, құзырлы органдарға "алаяқтармен" күресуді тапсырды.
– Қазір алаяқтар көбейіп кетті. Әсіресе, құрылысшылар арасында көбейді. Бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне осы мәселемен нақты айналысуды тапсырамын. Алаяқтар түрмеде отыруы керек. Себебі олар өз әрекеттерімен азаматтарымыздың құқын аяққа таптап жатыр. Біздің азаматтарды алдайды, далада қалдырады. Мұндай жағдайда мемлекет үнсіз қалмауы керек. Тиісті шара қабылдап, баяндаңдар, – деді Тоқаев.