Ләззат Ахатова: Құқық қорғау органдары ма, ҚҰҚЫҚ ҚОРЛАУ органдары ма?!.
2019 ж. 30 қыркүйек
5475
6
Бүгін Нұр-Сұлтан қалалық мамандандырылған қылмыстық сотында ҚР Су ресурстары Комитетінің экс-төрағасы Ислам Әбішев пен "Қазақ күрес" Федерациясының экс вице-президенті Серік Түкеевке қатысты Қылмыстық Кодекстің 24, 28, 366- шы баптарымен қозғалған қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау (предварительное слушание) басталды.
Сот отырысы 30 қыркүйек сағат 11 00-ге тағайындалған болатын. Алайда, судья Қ.Мекемтастың өндірісіне түскен істі қарауға залға басқа судья (судья Шайхисламов) кіргенде, аң-таң болғанымызды жасырмадық. Келе сала сот қаулысын жариялай бастағанда, таңданысымыз күшейе түсті. Сөйтсек, істі қарайтын судья Қ.Мекемтас басқа іс бойынша кеңесу бөлмесінде екен. Сол себепті сот процесі сағат 15 30-ға қалдырылды. Заң талаптары бойынша кеңесу бөлмесінде отырған судья бір іс бойынша сот актісін шығарып, оны жарияламай тұрып, басқа істі қарай алмайды, яғни сыртқа шыға алмайды. Шықса, проуессуалдық қателік болып есептеліп, бұл жағдай сот актісін бұзуға негіз болып табылады. Оның бәрі түсінікті ғой, бірақ басқа жақтардан бір көріп кетуге келген туған-туыс, жора-жолдастарының сот отырысынан соң, түстен кейін жолға шығамыз деген жоспарларының быт-шыттары шығып, билеттерін ауыстырып кеткені болмаса. Ол да маңызды емес, қиын іс қарап жатқан болар деп түсіністікпен қарауға тырыстық.
Ең сорақысы, күн суытып кеткендіктен, Ислам ағаға әкелінген жылы аяқ киімді ауыстырып киюіне конвойлардың рұқсат бермей қоюы.
Сот басталмай тұрып, "оны сот шешеді" деген болатын. Судья Шайхисламовқа рахмет, "соны да проблема етіп тұрсыңдар ма, аяқ киімін ауыстырсын" дегенде "жарайды" деп, шығып кеткесін, рұқсат етпей, қасарысып тұрып алды. "Жаңа неге рұқсат бере алмаймыз деп судьяға айтпадыңыз, басыңызды изеп тұрдыңыз ғой" - деген сұрағымызға, "біз сотқа бағынбаймыз, өз мекемеміз бар" - деген жауап алдық.
Қазіргі таңда істі жүргізіп жатқан орган-сот. Сот төрелігін жүзеге асырушы судья сөзге келмей, рұқсат беріп тұр. Аяқ киімін ауыстыру-заңға қайшы болса, сот рұқсат бермес еді ғой. Ал енді соттың бұйрығын орындамауға өкілеттікті конвойларға кім берген деген ойда, әрі-сәрі күйде сот ғимаратынан шықтық. Ондай заң нормасын қанша іздесек те, таппадық.
Аттап бассаң, осындай көрініс. Құқық қорғау органдары ма, ҚҰҚЫҚ ҚОРЛАУ органдары ма деп ойлауға өздері мәжбүрлейді екен. Әйтпесе, оларда неміз бар?..
Ләззат Ахатова, Фейсбук парақшасынан