Арман Қани: Іздеп келем «Тәуелсіздік» көшесін!..

Үштік

Мен сонау 1969 жылы 15 жасымда Еліміздің тәуелсіздігін көксеп, Кеңес үкіметіне қарсы өлеңдер жазып едім. Енді 65-ке келген кезімде Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Бауыржан Қапенов, мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Османованың есімдерін атап сыни өлеңдер жаздым. «Бүркіт қартайса тышқаншыл болады» дегеннің кері емес пе бұл, неге сөйттім екен? – деп, өзіме-өзім сұрақ қойған жайым бар. Жауабын тапқан сықылдымын. Бұған дейін журналист ретінде әлеуметтік желілер, республикалық газеттер арқылы осы үшеуінің идеологиялық, морольдық тұрғыдан өнегесіз іс-әрекеттеріне қатысты сыни пікірлерімді әлденеше рет жария еткенмін! Кейбір мәселелерді жарияламасам да, әкімнің баспасөз хатшысы, басқаша айтсам, әкімнің құлағы, тілі Азамат Бәйтеновтың назарына ұсынып отырдым. Дегенмен, Елбасы сынап кеткен Маралды көлі төңірегіндегі шудан бастап өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық салаларындағы кемшіліктер жайы мен айтпай-ақ жұртшылыққа аян. Өз басым осы жарияланымда облыста жүргізіліп жатқан мәдениет, тіл және кадрлар саясаттарындағы кейбір мәселелерге ғана тоқталуды жөн көрдім. Павлодар қаласында Астана, Ломов, Лермонтов, І Май көшелерінің біріне «Nursultan Nazarbaev» атауын беруге болса да, символикалық мәні аса зор «Тәуелсіздік» даңғылының атауы құрбандыққа шалынды! Себебін, сұрастырсам, Болат Бақауовта жазық жоқ екен, Президент аппаратынындағы ұлықтардың қысымымен сондай қадамға барыпты-мыс... Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіліп келген идеологиялық мәні аса зор «Ұлы Дала Елі» этнофестивалін ұйымдастыру ісі тоқырады. Себебі, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкім-қараларға мәдени бағдарламалар есебінен қаржы үнемдеу жөнінде тапсырма беріпті... Жергілікті қаламгерлерді қолдау ісінен береке кетті. Кезінде облысты басқарған Ерлан Арын, Қанат Бозымбаев жазушылар одағы мүшелерінің барлығына (12 адам) және талантты жас қаламгерлердің бірнешеуіне жылына бір рет 300000 теңге мөлшерінде грант тапсырып тұрушы еді. Бұл дәстүр Болат Бақауовтың тұсында бұзылды. Өңірдегі жазушылар болса, өз кітаптарын өздері шығара алатындай ауқатты адамдар емес, егер несие алып я демеуші тауып шығарса, сатып пұл қылуға мүмкіндігі жоқтың қасы. Олардың туындыларын газеттер, журналдар жариялағанымен, ешбірі қаламақы төлемейді. Осындай жағдайда қаржылай қолдау көрсетудің орнына «Жығылғанның үстіне жұдырық» деген мәтелді басшылыққа алғандай болған әкімнің ісі маған түсініксіз. Бұрынғы басшылардың тұсында дүркіреп өткізілген аймақаралық, республикалық айтыстар кейінгі жылдары мәдени бағдарламаларға енгізілмеді. Жас айтыскерлердің облыстық сайысын жылына бір рет өткізудің өзі күшке айналды. Кезінде аймақ басшысы Бақытжан Сағынтаевтың өзі тікелей қолдау көрсеткен соң айтыскерлеріміздің асығы әрдайым алшысынан түсуші еді. Ғасырлар бойы ата-бабамыз қастерлеп келген қасиетті өнер сайысын тамашалауға Бақытжан Әбдірұлының өзі келетін! Сондай шара барысында дарынды ақын Асығат Тұрғанбековтың алты адамнан тұратын отбасы біреудің аядай бөлмесін жалдап күнелтіп жүр деген сөз айтылып қалды. Айтыс аяқтала сала Бақытжан Сағынтаев сахнаға шықты. Сценарийде мұндай жайт қарастырылмағандықтан мәдени шараны ұйымдастырушылар да, қатысушылар да, тамашалаушылар да аң-таң күйде отыр. Ол көп сөйлеген жоқ, бірден Асығаттың пәтер мәселесін шешіп беретінін айтты! Әкімнің ақынды ғана емес, өнерді де құрметтеу сезімінен туындаған қысқа да нұсқа жүрекжарды сөздеріне айтыскерлер де, көрермендер де ризашылық сезіммен дүркірете ду қол шапалақтағанда «Шаңырақ» орталығының төбесі желкілдеп көкке ұшып кете жаздады! Көп уақыт өтпей-ақ Бақытжан Сағынтаевтың қолдауымен Асығат Тұрғанбековтың отбасына «Усолка» ықшам ауданындағы кейінгі үлгіде салынған тоғыз қабатты жаңа үйлердің бірінен үш бөлмелі пәтер бөлінді!

Осы жайларды айтқанымда бір жолдасым: «Бақытжан Сағынтаев, Ерлан Арын, Қанат Бозымбаев түрлі министрліктерде, өзге аймақтарда басшылық қызметтерде істеп ел көрген, жер көрген интелектісі де, рухани деңгейі де жоғары азаматтар. Ал Болат Бақауов болса мемлекеттік қызметке шаруа қожалығынан келді және осы өңірден өзге жаққа шыққан жоқ. Сондықтан қазіргі әкім мен одан бұрынғы әкімдерді салыстыра қарауың дұрыс емес» деген еді. Осы сөздің жаны бар сияқты. Бауыржан Қапеновтың, Сәуле Османованың дәл қазіргі кездегі лауазымдарына лайықты шенеуніктер емес екенін осы қызметтеріне бекімей тұрып әлденеше рет жаздым! Тіпті бір жиында С. Османованың өнегесіз қылықтары жөніндегі «Қазақ тілі» қоғамының басқарма мүшелері қол қойып, мөрі басылған арызды әкімнің өз қолына ұстаттым. Нәтиже – 0! Әлгі екеуінің қоғамдық ұйым өкілдерімен жұмыс істей алмайтыны бұрыннан белгілі еді, енді Болат Бақауовтың зиялы қауым өкілдерімен жұмыс істей алмайтыны белгілі болды! Ол қазіргі шақта аймақтағы «князёкқа» (Елбасының сөзі) ұқсап, былайғы адамдарға «Сендер маған не істей аласыңдар!» деген ұстанымын аңғартуда. ...Мен кәмелетке толмаған 15-тегі жасөспірім кезімде жұртшылықты Кеңес үкіметінің отаршылдық езгісіне қарсы көтерілуге шақырған үнпарақтар тараттым. Сол іс-әрекеттерім үшін ұзақ жылдар бойы саяси қудалауды бастан өткердім. Енді 65 жастағы зейнеткер кезімде өзімді қоғам қайраткері ретінде қайта танытып, әкімнің қызметтен кетуін талап етсем деп ойлаймын. Өйткені, журналистік, ақындық қабылет-дарыным әлгілерге ықпал етпейтін секілді, ал күш-қайратым болса қайтқан жоқ. Сол іс-әрекеттерім үшін Бақауов-Қапенов-Османовадан тұратын үштік үкім шығарса, қабырғамның қайыспайтыны анық!!!

Арман ҚАНИ,

Павлодар қаласы

МАЗАСЫЗДЫҚ

«Тәуелсіздік» жыры

Павлодарда «Тәуелсіздік» даңғылының атауы қоғамдық тыңдауға ұсынылмай-ақ «Nursultan Nazarbaev» атауына асығыс ауыстырылып жіберілді! Елбасының есім-сойын беруге Астана, Ломов, Лермонтов, І Май көшелері де лайықты екенін  ешкім  ескерген жоқ.

«Тәуелсіздік», қасиетті жырсың сен, Аруақты ердің рухы кешсін – күрсінсем! Көзге елестеп Малайсары сияқты, Жасыбайдай түсіме еніп жүрсің сен!.. Қаралы көш Қаратаудан сабылған Жетті Ертіске сүңгіп өтіп сағымнан... Жетім үміт жылап қалды құзартта Кенесары ханның басы шабылған!.. Магаданнан қайтса қаздар тізбегі, Керекуде өксиді аспан күздегі!.. «Бутыркада» қан-жоса боп Тарихтың Бетіне енді Аймауытов іздері!.. Кейде еріксіз үйірлі итпен таластым, Қасқырша ұлып көкжалмен де жарастым! Дарда соңғы демі үзілген Студент Рысқұлбеков рухы еді ғой Алаштың!.. Жүйкем әлсіз, бәлкім ертең сыр берер, Біз кетерміз – орнымызға кім келер?.. Шындықты іздеп жүрген жанның алдынан Шықса егерде автозак пен түрмелер!.. Тұрғанымен темір тәртіп күшінде, Торға түссең өр еңсеңді түсірме! Демократия Дәрігерге жалтақтап Жүрген жоқ қой жындыхана ішінде!.. Сындарлы шақ жібермейді есесін, Сұмдық оймен түрлі қиял кешесің! Тыныштығын түннің дар-дар айырып, Іздеп келем «Тәуелсіздік» көшесін!..      Әкімдер мен ақындар «Тәуелсіздік» жайындағы толғаныс – Енді жүдеу көңіліме алданыш. Байыптасам, өнеге екен өзгеге Сағынтаев Бақытжаннан* қалған іс! Әкімдерді сөз етпейін десем де, Тудырады сезімімде таңданыс: Ерлан Арын* қанындағы тектілік, Бозымбаев* бойындағы ар-намыс! Біз солардың құрметіне бөлендік, Төрге шығып төремен де теңелдік! Бақауовтың кеңсесінен, әйтсе де, Байқала ма биіктік пен тереңдік?.. Атқа мінген, таққа мінген кісімен Сәлемдесу оңай емес, Түсінем... Енді, сірә, кеңдік іздеу күлкілі, Күмпекеев кабинеті ішінен... Егіз шығар байлық, мансап, құрғыр-ау, Ескі аңызды еске салған күн мынау! «Сараң байлар жүн жеп, құсқан жабағы болыс бопты» деген сөзге күлдік-ау... Ауылнайлар, поштабайлар – бәрі де Кеткен дейді Ит жеккеннен әріге!.. Әйтседе елде ақындары көр соқыр Аузы қисық әкім сөйлер әлі де!.. Шетел асып білім қуған бала көп, Оралды ма соның бәрі дана боп?.. Шенеуніктер жер тепсініп жетсе егер, Білегімді сыбанбасқа шара жоқ!.. Бала кезде тасқа ұрылған маңдайым Жарқырап тұр, Туған шығар енді Айым! Кеудемсоқтар кішірейіп келсе егер, Құшақ жая қарсы алуға мен дайын! Бақ пен соры бірге туған дарынның, Аласапыран күндерімді сағындым! Санама енген ызалы ойдан әйтсе де, Айтарымды айтып барып арылдым!   Әкімдік         (Социал Әйтеновке) Уа, Жаратқан, түсі игіге жолықтыр, Бізді, әнекей, сұп-сұр көздер торып тұр! Әкімді іздеп ауыр оймен келгенде, Әкімдіктің аурасы ауыр болып тұр! Отырсақ па, әлде тіке тұрсақ па, Сөйлесек пе, әлде іштен тынсақ па? Еңсені езген әкімдіктің аурасы Таза емес сияқты ғой бұл шақта... Кеудедегі ойлар бейне қорғасын, Көтерерміз, ер жігітке ол да сын. Самғайықшы енді кері бұрылып, Сапарларда қанатымыз талмасын! Түбі әкімдер екеумізбен санаспақ, Қазір бізге сабыр сақтау жараспақ. Қайта айналып келер болсақ Бұл үйді Адыраспанмен жіберерміз аластап!.. Шенеуніктер Астамшылық еніп кетсе зердеге, Өзін пері сезінеді пенде де! Әлгі кісі кейде зекіп айтатын «Князёктан» Біздің өңір кенде ме?.. Шенеуніктер бір-бірінен ой ұрлап, Бірер істің басын бірден қайырмақ. Әлеуметтік желілерде әкімді Қорғамақшы фейктерді дайындап... Османова әшейін бір кейіпкер, Әйел затын сыйлау керек иықты ер... Фейсбуктан Бәйтеновше сөйлейді Ферзі фейк, пешкі фейк, фейктер... Үлкен кеңсе, кіші кеңсе, кеңселер, Онда біреу табылса игі ел сенер. Билік, қоғам бірін-бірі ұға ма, Шенеуніктер Қапеновтай болса егер!.. Көл Тұзды көлде демалуды құп көріп, Күн батқанмен жатыр әлі жұрт келіп. Күнкөрістің қамын жеген кілең жас Су ішінде жүреді енді құрт теріп... Омон атқан оқтан қайтса меселі, Сол бір жастар сөз айта ма көшелі? «Маралдының қожайыны Бақауов, Қызылқақ та соныкі ғой...»  – деседі. Жан-дүниесін кім түсінер пақырдың, Ызалы ойдың түкпірінде жатыр мұң. Елден сонша қоритындай мынау көл Әкесінен қалып па еді әкімнің?! Әлде әкімнің атасынан қалып па?.. Нақты иесі кім екенін анықта! Сосын аз-мұз шыдай тұршы, жарқыным, Көл де, жер де қайтады ертең халыққа!.. Арман ҚАНИ, Павлодар қаласы