Министр депутат Божконы "нағыз патриот" деп атады
2019 ж. 06 қыркүйек
2274
1
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божконың «тізерлеп рахмет айту» туралы мәлімдемесіне пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның пікірінше, Владимир Божко эмоцияға беріліп, сәтсіз тұжырымдама айтқан.
«Шын мәнінде масылдықты айтқысы келгенін түсінеміз ғой. Тек дұрыс сөз таңдамады. Біріншіден, ол - әскери адам, тіке айтады. Екіншіден, Владимир Карпович еңбекке ерте араласқан, 11-12 жасынан бастап жұмыс істеген. Сондықтан, масылдыққа жаны қас», - деп атап өтті министр «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.
Ол әлеуметтік желі қолданушыларының В. Божконы патриот емес деп айыптағанын, адамды еңбегіне қарай бағалау қажеттігін айтты.
«Көптеген құтқару операцияларын басқарып, жүздеген қазақстандықты өлімнен құтқарған адамды патриот емес деп айыптауға болмайды. Ол – қазақ жерінің нағыз патриоты, бұл шындық», - деді Дәурен Абаев.