Мырзакенттің 160 гектар жеріне көпқабатты тұрғын үйлер салынады
2019 ж. 06 тамыз
2778
0
Құрылғанына енді ғана бір жыл болған Мақтаарал ауданы құрылыстың ордасына айналып үлгерді. Қазір аудан орталығы Мырзакент кентінде жүргізіліп жатқан абаттандыру, жарықтандыру жұмыстары мен жол, аяқжол құрылыстары сөзіміздің айқын дәлелі болмақ, - деп хабарлайды "Қазақ үні" агенттігі.
Мұндай жұмыстар Атакент кенті мен ауданымыздың барлық елді мекендерінде алдағы уақытта атқарылатын болады. Ол үшін қазіргі таңда 39 елді мекеннің бас жоспары жасалуда. Сонымен қатар, мектептер, мәдениет үйлері, әкімшілік ғимараттары, көп қабатты тұрғын үйлер ауданымызда бой көтермекші.
Мырзакент кентін ұлғайтуға арналған 160 гектар жер теліміне көпқабатты тұрғын үйлер салу үшін биыл егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленуде. Жоба әзірленгеннен соң аталған жер телімі инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыса басталатын болады. Осылайша бірнеше жылдан соң 7-20-25 бағдарламасы аясында мақтааралдықтар баспанаға ие бола алады.
Жаңадан құрылған Мақтаарал ауданының дербес бөлімдерін заманауи ғимаратпен қамтамасыз ету мақсатында Мырзакент кентінен әкімшілік ғимаратының құрылысын бастау үшін СЖТ әзірленіпті. Сондай-ақ, Еңбекші және Жамбыл ауылдық округтерінің орталықтарынан мәдениет ошақтарын дамыту мақсатында 2 мәдениет үйі және кітапхана құрылысына биыл жобалық сметалық құжаттама әзірлеу жоспарланып отыр.
Бірлік ауылдық округі, Пернебаев елді мекенін кеңейтуге бөлінген 5 гектар жер теліміне ауыз су және электр жарығын алып бару үшін жобалық сметалық құжаттама дайындалу үстінде. Ал, Жаңа жол және Бірлік ауылдық округтерінде мал өлекселерін тастайтын шұңқыр құрылыстарына жобалық сметалық құжаттама дайындау үшін мемлекеттік сатып алу рәсімдері өткізілді.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданында респбликалық бюджет есебінен 2 мектеп және облыстық бюджет есебінен 5 мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.