Инспекторды өлтірді деген күдікпен әкесі мен баласы ұсталды
2019 ж. 24 шілде
2500
0
Ақмола облысында «Охотзоопром «ӨБ» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының Орталық өңірлік филиалының инспекторларына шабуыл жасаған күдіктілер ұсталды. Бұл туралы аймақтық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ақмола облыстық ПД қызметкерлері жүргізген кешенді жедел-іздестіру шарасы барысында орман шаруашылығының қызметкерлеріне шабуыл жасаған күдіктілер ұсталды. Арқалық қаласының 45 жастағы тұрғыны мен оның 20 жастағы баласы полициядан жасырыну мақсатында мінген автокөліктен құтылмақ болған. Алайда, полиция қызметкерлерінің ширақ қимылының арқасында күдіктілер Қостанай облысының аумағында ұсталды», - деді ведомствоның баспасөз қызметінен.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, 23 шілде күні сағат шамамен 11-де «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторлары Ақмола облысы Жарқайың ауданында табиғатты қорғау заңнамасын бұзғандардың алдын алу шарасын жүргізген және киік ату фактісін анықтаған. Заң бұзушылардың ізіне түскен екі инспекторға қарсы оқ атылды. Кейін, олардың бірі - 1976 жылы туған инспектор көз жұмды. Ал 1975 жылы дүниеге келген әріптесі Жарқайың аудандық ауруханасына жатқызылған еді.
«Осыған орай, дереу жедел-тергеу тобы құрылып, күдіктілерді ұстау бойынша кешенді шаралар қолға алынды. Күдіктілерді ұстауға Жарқайың, Есіл және Жақсы аудандарының полиция бөлімінің жеке құрамы тартылды. Патрульдік қызмет нарядынан күдіктілердің көлігіне тұспалдау берілді. Жарқайың және көрші аудандардың аумағында 10 блок-бекет қойылды», - делінген ресми ақпаратта.
Аталмыш қылмысты ашу ісін ҚР Ішкі істер министрі жеке бақылауына алған болатын. Факті бойынша ҚР ҚК-нің 99 бабы, 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев браконьерлердің қолынан қаза тапқан Қаныш Нұртазиновтың отбасына көңіл айтып, егерь С.Оспановтың сауығып кетуіне тілектестік білдірді.