Арыс тұрғындары 100 мың теңгелік өтемақыға қашан қол жеткізе алады
2019 ж. 02 шілде
2387
0
"Арыс қаласы тұрғындары 100 мың теңге аламыз деп әкімдіктің есігін тоздырып қажеті жоқ. Әрбір тұрғын туралы мағлұмат әкімдік тарапынан жиналатын болады". Бұл туралы БАҚ өкілдерімен өткен брифингте Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Қазақпарат.
Жолдымұрат Аманбаевтың айтуынша, арыстық тұрғындарға 100 мың теңгеден беру үшін 4 млрд 478 млн теңге қажет. Оның 2 млрд теңгесін республикалық бюджеттен бөлу қарастырылып отыр. Қалған 2 млрд 478 млн теңге қаражатты облыстық бюджеттен бөлу қарастырылған. Ол қаржыны бюджеттен бөлу үшін облыстық мәслихат өткізу қажет.
«100 мың теңге бөлу үшін екі аптаның ішінде 44 мыңнан аса адам туралы мәлімет жинаймыз. Сол жарылыс болған күні тіркеуде тұрған азаматтардың тізімін жасаймыз. Ол үшін әкімдіктің есігін тоздырып қажеті жоқ. Себебі ешкімнен құжат жинамаймыз. Ол жұмысты біз жүйелеп жүргізетін боламыз. Сол мәліметке қарсы 25-іне дейін дайындап болсақ деген жоспар бар. Барлық түскен мәліметті біз түгел тексеріп шығамыз. Отбасында әке-шешесі мен бес баласы бар болса балалардың ата-анасынан ақшаны кімге аудару керектігін сұраймыз. Олар кімнің есеп-шотына ақшаны аудару керектігін өздері шешетін болады. Ата-аналардан бұл туралы өтініш жаздырып аламыз» деді облыс әкімінің орынбасары.
Жолдымұрат Аманбаевтың сөзінше, бұл жұмыстарға «Қазпочта» мекемесі мен «Халық банкі» жұмылдырылатын болады. Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, күні бүгінге дейін Арыс қаласы тұрғындарын қолдауға арналған қорға 1 млрд 219 млн теңгеден астам қаражат түсті. Бұл қаржыдан әзірге бір тиын да жұмсалмаған.