Талапкерлердің 75%-і қазақ тілінде ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген
2019 ж. 24 маусым
2938
0
Білім және ғылым министрлігі жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев ҰБТ-ның алғашқы күнін қорытындылап, қазақ тілінде тест тапсырушылардың санын айтты, деп хабарлайды Stan.kz.
"Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы күнінде 12 772 баланың 11 361-і – қазақ тілінде, 1 411-і – орыс тілінде тест тапсырды. Жалпы Қазақстан бойынша ҰБТ қатысуға өтініш бергендердің 75%-і – қазақ тілінде, 25%-і – орыс тілінде. Мемлекеттік білім гранттары көлемін де осы өтініштерге қарай бөлдік: қазақ тілінде – 75%-і, орыс тілінде – 25%-і", - деді БҒМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры.
Ол талапкерлер жиі таңдаған пәндер туралы да айтты.
"Балаларымыздың арасында көбірек таңдаған пәндер – жаратылыстану пәндері. Олар - математика, физика, химия. Қыздар арасында биологияны таңдағандар саны көбірек. 3-4 жылдан бері техникалық, IT мамандықтарға грант көптеп бөлініп келеді", - деп сөзін түйіндеді Тойбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.