Қазақстанда жаңа министрлік құрылады: оны кім басқарады
2019 ж. 17 маусым
2249
0
Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің отырысында депутаттар Экология, геология және табиғи ресурстар министрі лауазымына тағайындауға Мағзұм Мырзағалиевтың кандидатурасына келісім берді, - деп хабарлайды sputniknews.kz.
Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша кандидатты премьер-министр кеңсесінің басшысы Ғалымжан Қойшыбаев таныстырды. Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшелері Мырзағалиевке бірқатар сұрақ қойды, деп хабарлады төменгі палатаның баспасөз қызметі.
"Отырыс қорытындысы бойынша "Қазақстан Республикасының парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Конституциялық заңның 22-1-бабына сәйкес, Қазақстан премьер-министрі ұсынған Мағзұм Маратұлы Мырзағалиевтың кандидатурасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі лауазымына тағайындау үшін ұсынылды. ", - деп жазылған хабарламада.
Отырыс соңында депутаттар кандидатқа алдағы жұмысында табыс тіледі.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президентті ұлықтау рәсімінде елімізге бірыңғай экологиялық саясат қажет екенін баса айтқан болатын.
"Қоршаған ортаның қазіргі мүшкіл хәлі – көпшіліктің көкейіндегі мәселе. Қоршаған ортаны қорғау жүйесіне серпін беретін жаңа Экологиялық кодекс қабылдау керек", - деді президент.