Ақтауда кәсіби мемлекеттік аппарат құру мәселесі талқыланды
2015 ж. 28 тамыз
3419
4
25 тамызда Ақтау қаласының әкімдігінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» тақырыбында семинар-кеңес өтті, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен.
«100 нақты қадам» Ұлт Жоспарына сәйкес - кәсіби, автономды мемлекеттік аппаратты қалыптастырудың 15 қадамы аясында Елбасы тарапынан мақұлданған келесі тұжырымдамалық ұсыныстар әзірленді.
Атап айтқанда, мемлекеттік қызметтің мансаптық моделіне көшу болып табылады. Бұл модель аясында мемлекеттік қызметке алғаш қабылданатындар өз қызметтік жолын тек төменгі лауазымдардан бастайды. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап еңбекақы төлеудің факторлы - балдық жүйесіне көшуі қарастырылуда. Мемлекетттік қызметкердің жұмыс сапасы мен нәтижесіне, сыбайлас жемқорлыққа төзімсіздік және тәртіптілік сияқты қасиеттеріне баса назар аударылады. Мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында үш жылда кемінде бір рет міндетті біліктілігін арттыру заңды түрде бекіту қарастырылады.
Мемлекеттік аппаратты дамыту үшін «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң жасақталып, тұжырымдамалық тәсілдер қоса бекітілетін болады. Сонымен қатар, жаңа білікті кадрларды іріктеу моделі аясында, мамандығы бойынша біліксіз және жұмысқа ықылассыз қызметкерлерді болдырмау үшін, 2016 жылы мемлекеттік қызметкерлер арасында кешенді аттестация жүргізілетін болады,- деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары - Тәртіптік кеңесінің Төрағасы Мұрат Қадырбек.