Ақтауда Назарбаев атындағы Зияткерлік мектебі ашылды
2015 ж. 28 тамыз
7158
11
Бүгін Ақтауда 720 орындық Назарбаев Зияткерлік мектебі ашылды. Салтанатты рәсімге Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев пен Ақтау қаласының әкімі Серікбай Тұрымов қатысты.
«Бұл өңір үшін үлкен, маңызды оқиға. Мектеп қазақстандық және халықаралық білім берудің үздік дәстүрлерін есепке алып жасалған бағдарламалар бойынша оқытудың бірегей мүмкіндігін береді. Техникалық ғылымды зерделеуге бейім облыстың барлық дарынды оқушылары үшін мектеп өңірлік ғылыми-білім беру орталығы болмақ», - деді тұрғындарды, оқытушылар құрамы мен оқушыларды құттықтаған А. Айдарбаев. Облыс әкімі мектепке шағын автобус тарту етті.НЗИ ғимаратында 54 оқу кабинеті, 24 зертхана бар, олар жаңа мектеп жабдықтарымен жарақталған. Мұнда химия, биология, физика, математика, интеграция, техникалық үлгілеу, нано-биотехнологиялық, робототехника, ақпараттық бөлме кабинеттері жұмыс істейді.
«Қазіргі уақытта осы мектепте оқитын 477 оқушы ҚР Тұңғыш Президентінің «Өркен» білім беру грантының иегері атанды. Орташа, бір орынға 5-6 адамнан болды. Ақтау қаласы зияткерлік мектебіне Атырау, Шымкент, Орал қалаларынан балалар оқуға түсті. Мектепте іріктеуден өткен 93 педагог, шетелден тартылған 10 оқытушы сабақ өткізеді», - деп атап өтті «Ақтау қаласындағы Химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебі» филиалының директоры Ермек Пайызов.
Мектепте екі спорт залымен спорт-сауықтыру блогы бар. Оның жанында спорт кешені - футбол алаңы, баскетбол, волейбол алаңы, теннис корты, түрлі спорттық жеңіл атлетика алаңдары, балалардың демалыс аймағы орналасқан.
360 орындық асхана салынған, интернаттың корпусына 120 оқушы сыяды.