Шағын аудан құрылысын аяқтауға 1 млрд. теңге бөлінеді
2014 ж. 21 қазан
1939
0
«MAG» ЖШС мердігерлері мен оның қосалқы мердігерлері 2012 жылы «Аққу» шағын ауданында салынған үйлердің құрылысын жабын-плитасы майысып, ақау табылғандықтан тоқтатқан болатын, оны аяқтауға «Қаражанбасмұнай» АҚ жәрдемдесетін болды. Бұл бүгін Маңғыстау облысы құрылыс басқармасының басшысы Орақ Аяповтың қатысуымен өткен брифингте белгілі болды.
«Бірінші кезекте, «Аққу» шағын ауданында 9 үй салынған, оны аяқтауға «Қаражанбасмұнай» АҚ жәрдем көрсетеді. Компания 1 млрд. теңге аударып, оған өз қызметкерлеріне коммерциялық баға бойынша осы үйлерден пәтер сатып алады. Конструкцияларды нығайту үшін қаражат бөлігін мердігер («MAG» ЖШС, шамамен 40-50 пайыз), бір бөлігін - жобалаушы («Урбостиль» ЖШС, 20-30 пайыз) төлейді», - деді О. Аяпов.
Еске сала кетейік, 2012 жылы бұл нысандарда құрылыс-монтаждау жұмыстары үрдісінде монолиттік темір бетон конструкцияларынан ақау, үй жабын плиталарының майысқаны анықталған. Осыған орай Маңғыстау облысы билігінің 2012 жылғы 20 желтоқсандағы шешімімен құрылыс жұмысы тоқтатылған. 2013 жылғы 12 ақпанда техникалық тексеру нәтижесі бойынша «ҚазНИСА» АҚ салынып жатқан нысанға құрылысты нығайту жобасын әзірлеу шешімін қабылдады. Үйдің қабырғадағы және бағандағы бетонның беріктігі жобада көрсетілген беріктіктен төмен болып шыққандықтан оның беріктігін арттыру қажет болған.
Аталмыш үйлердің шаршы метрінің құны (құрылысты нығайту жобасын орындауды есепке алып) сараптама түзетуінен кейін белгілі болады.
Дереккөз: Қазақпарат