Жер қойнауындағы табиғи газды пайдаланатын электр стансасы іске қосылды
2014 ж. 14 қазан
1426
0
«Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасындағы электр жабдығының сенімділігін арттырып, электр қуатының іркілісін тежейтін газтурбиналы электр стансасы іске қосылды.
- Газтурбиналы стансадан өндірілетін электр энергиясы «Қаламқасмұнайгаз» кен орнының ғана емес, басқа да кәсіпорындардың, өндіріс орындарының игілігіне жұмсалады. Жаңа қондырғының тұрақты түрде жұмыс жасап тұруы үшін табиғи газды өндіру көлемін арттыруымыз қажет, - деген облыс әкімі А.Айдарбаев мұнайшылардың қол жеткізген жетістігімен құттықтады.
Келген қонақтар өндірістік алаңды аралап, газтурбиналы электрстанцияның жұмыс жасау технологиясымен, электр энергиясын өндірудегі мүмкіндіктерімен танысты.
- Өндіріс орнының технологиялық қажеттіліктерін өтеуге бағытталған газтурбиналы электр стансасы жер қойнауындағы табиғи газды пайдалана отырып, кен орнын электр қуатымен қамтамасыз етеді. Әрқайсысының қуаттылығы қырық бес мегаватт болатын, сегіз жүзден астам турбинадан тұратын электрстанция газбен жабдықтайтын қарапайым термодинамикалық әдіспен жұмыс жасайды. Газ қысымын көтеру үшін турбиналар алдынан бұрандалы «Элтакон» компрессорлары орнатылған. Электрстанция құрамында алты және отыз бес киловольт бөліп тарататын қондырғы мен қуат көзі желіде мүлде болмаған кезде стансаны іске қосуға мүмкіндік беретін дизельді генератормен жасақталған. Генератор трансформатор арқылы тұтынушыға жететін электр тоғын шығарады. «Сименс» компаниясының қос агрегатының басқару жүйесі толықтай автоматтандырылған. Газтурбиналы құрылғы тәулігіне үш жүз отыз мың, жылына жүз миллион текше метрге дейін табиғи газды энергия көзіне айналдыруға қауқарлы. Соңғы жылдары өндіріс орнында электр қуатына деген сұраныс 4-6 пайызды құрайды. «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы осы уақытқа дейін электр тоғын алып келген «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» серіктестігі мен «Маңғыстау электр тораптық бөлу компаниясы» АҚ-ның электр қуаты өңірдің қажеттілігіне бағытталатын болады», - деген «Маңғыстауэнергомұнай» ЖШС директорының орынбасары Н.Қосбаев газтурбиналы электр стансасының жұмысын атқару үшін қырық жеті жаңа жұмыс орны ашылғанын хабарлады.
Мамандардың пікірінше, жаңа газтурбиналы құрылғының іске қосылуы табиғи газды аз мөлшерде жұмсауға және қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді.
Дереккөз: Қазақпарат.