Үздік педагогке 2 миллион сыйақы тапсырылды
2014 ж. 24 қазан
2964
0
Елорадамыз Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында әр өңірден келген ұстаздар бас қосты. Әр аймақтағы облыстық іріктеуден өтіп келген 48 жеңімпаз ұстазға «2014 жылдың үздік педагогі» төс белгісі мен 1 млн. 852 мың теңге мөлшерінде сыйақы табысталды. Олардың арасында 2 мектепке дейінгі және орта білім беретін мекеме ұстаздары болса, қалғаны мектептен және колледжен келген педагогтар.
Байқауда облыс намысын түрлі пәндерді тереңдетіп оқытатын дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Валентина Әбдіхалық қорғады. Ол-білім ордасында шәкірттерінің сүйіспеншілігіне, әріптестерінің құрметіне бөленіп, жаңа дәуірдің жаңа үрдісіне сай еңбек етіп жүрген ұлағатты ұстаз. Ісімен үлгілі, қарапайымдылығымен құрметті Валентина Жұмабайқызы өзінің ұстаздық еңбек жолында оқушылардың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен білімдерін жан-жақты дамытуға және шығармашылық ізденіспен жұмыс жасауына мүмкіндік туғызып, олардың қазақ тілі пәніне деген қызығушылықтарын арттырып келеді. Шәкірттеріне ана тілінің қасиетін сезіндіріп, оларды тіл жанашыры етіп тәрбиелеуде өзіндік қолтаңбасы бар тәжірибелі ұстаз бүгінде оқу-тәрбие үрдісінде жаңа озық технологияларды кеңінен пайдалану арқылы жеке тұлға тәрбиелеуде алдыңғы қатардан көрінді. Атқарған еңбегінің нәтижесінде оқушылары облыстық, республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары атанды. Мәселен, 2013 жылы Өскемен қаласында Қ.Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен халықаралық олимпиадада 9-сынып оқып жүргенде Анжелика Бақытқалиева мен Түркістан қаласында қазақ тілі мен әдебиетінен өткен халықаралық сайыста 11-сынып оқушысы Фариза Берекетова жеңімпаз атанып, қола медальды қанжылады.
«Жалпы бұл байқау – жұмыс қорытындысы негізінде өткізілген сайыс. Осы байқауға қатыса отырып, көңіліме көп нәрсе түйдім. Қазіргі таңда мұғалімдерде өзін-өзі талаптандыру, үміттендіру, табандылық жетіспейді. Жасаған жұмысымыз көп, бірақ соны көрсете алмай жатамыз. Көп ретте оқушымызға көңіл бөлеміз. Оларды сайыстарға, жарыстарға, олимпиадаларға дайындаймыз да, өзіміз тасада қалып, оқушының жеткен жетістігіне мәз боламыз. Өз еңбегімізді оқушыға берген білім сапасымен бағалаймыз. Тәжірибелі мұғалімнің жинақталған көп жылдық қоры өзінің шкафында жинаулы күйі қала береді. Сондықтан да мұғалімдердің еңбек өтіліне қарай арнайы сайыстар ұйымдастырылса, өз қатарымен сайысқа түсу жастармен жарысқаннан гөрі ұтымдырақ болар ма еді?! Жалпы пән ретінде қазақ тілінен байқаулар аз өтеді екен. Жаратылыстану бағытындағы пәндер мен ағылшын тілінен сайыстардың аясы кең. Ғаламтор арқылы да байқауға қатысуға болады. Ал қазақ тілінен халықаралық ауқымға шығатын сайыстар аз ұйымдастырылады. Сондықтан қазақ тілін тек қана республикалық емес, әлемдік байқаулар деңгейіне көтеру керек деген ой түйдім»,-дейді Валентина Әбдіхалық.
В. Әбдіхалық-1983 жылы Орал қаласындағы (қазіргі Батыс Қазақстан) А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірген. Алғашқы еңбек жолын Түпқараған ауданындағы білімнің қара шаңырағы атанған Шахта орта мектебінен бастаған. Ұстаздық саладағы 31 жылында талай шәкіртке тәрбие мен тәлім берген. «Ұстаздан шәкірт озса игі»,-демекші, ардақты ұстаз алдын көрген шәкірті Гүлзипа Үсенбаева «Шахта» орта мектебінде мұғалім болса, тағы бір шәкірті Үмбетова Жаңагүл-Ақтау қалалық білім үйлестіру оралығының басшысы қызметін атқарады.
Венера МИРЛАН