Қалалық әкімдік заңбұзушылықтарға жол берген
2014 ж. 22 қазан
1460
0
Сайтымызда бұған дейін алқабилерді тағайындауда Ақтау қалалық әкімдігі заңбұзушылықтарға жол бергендігі жөнінде жазған болатынбыз. Мұндай өрескелдіктерге жол берген, тізімді жасақтаған кезде қателік жіберген жауапты тұлғаларға қатысты жаза тағайындалатыны жайында айтылған болатын. Алайда, жауапты қызметкер өз еркімен жұмыстан шығып кетіп, жазадан тысқары қалып отыр.
Ақтау қаласы прокуратурасының ұйымдастыруымен қалалық әкімдікте ведомство аралық кеңес өтті. Басқосуда қалалық әкімдік тарапынан нормативтік актілерді және алқабилер тізімін жасақтауда кеткен қателіктер жайында айтылып, жан-жақты талқыланды. Тарқатып айтар болсақ, қала прокуратурасымен 2013 жылы Ақтау қаласы әкімдігімен қабылданған нормативтік актілердің заңдылығына тексеру жүргізілген. Нәтижесінде әділет органдарымен мемлекеттік тіркелуі тиіс, бірақ тіркеуге ұсынылмаған қаулылар анықталған.
«Қалалық мектепке дейінгі мекемелердің төлемақысын реттеу Ереджесін бекіту туралы» қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңсыз қаулы анықталды. Аталмыш қаулының заңдылығына және орындалысына жауапты Ақтау қаласының орынбасарына Р.қатысты қала прокуратурасымен ҚР ӘҚБтК-нің 353 бабының 2 бөлігімен әкімшілік іс қозғалып, Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен қала әкімінің орынбасары толықтай кінәлі деп танылды. Оған әкімшілік айыппұл салынды», - дейді Ақтау қаласы прокурорының көмекшісі Айнұр Жөнелбек.
Сондай-ақ, Ақтау қаласы әкімі аппаратымен ай сайын жолданатын актілерде мемлекеттік органның елтаңбалық мөрі мен актіге қол қоюшы лауазымды тұлғаның қолы жоқ болып шыққан. Бұл ҚР-ның «Әкімшілік рәсімдер туралы» Заңыныңы талаптарына мүлдем сәйкес келмей отыр.
Жиында көтерілген тағы бір мәселе-алқабилерді тағайындауда Ақтау қалалық әкімдігінің заңбұзушылықтарға жол бергендігі жайында болды. 2013 жылы қалалық әкімдікпен 3999 адамнан алқабилердің құрамы жасақталған. Оның ішінде 3 тұлғаның бұрын сотталғандығы және өмірден өткен 5 азаматтың алқабилер тізімінде екендігі анықталды. Сондай-ақ, тізімде көрсетілген тұлғаларадың ішінен 7 тұлғаның психоневрологиялық диспансерде және 13 азаматтың облыстық наркологиялық диспансерде тіркеуде тұратындығы, бірнеше тұлғалардың аты – жөндері 2 рет қайталана жазылғаны белгілі болды.
«Мұндай өрескелдіктерге жол берілген азаматтарға арнайы жаза қолданылуы керек болатын. Алайда тізімді жасақтаған жауапты тұлға жұмыстан өз еркімен шығып кеткен. Негізінде алқабилер қатарына мүше болатын тұлға ең алдымен, 25 жасқа толған, денсаулығы жақсы, ақыл-ойы дұрыс, бұрын сотталмаған болуы керек. Сотталушылардың тағдырын шешуге ықпал ететін, олардың қылмысқа қатыстылығына сотта қаралатын дәлелдемелерді зерттей отырып баға беретін алқабилер қатарына облыстық наркологиялық және психоневрологиялық диспансерлерде тізімде тұрған, тіпті өмірден өткен тұлғалардың енгізілуі – жергілікті атқарушы орган тарапынан орын алған өрескел заң бұзушылық деп есептеймін»,-дейді Ақтау қаласы прокурорының көмекшісі Ақмарал Ахметова.
Жиында сөз алған Ақтау қаласы әкімі кеңесшісінің міндетін атқарушысы Берік Ізғалиев өз кезегінде аталған кемшіліктермен күресу қолға алынатынын атап өтті.
«Екі мәселе бойынша да өрескел кемшіліктер орын алған. Нормативтік құқықтық актілер мен алқабилердің тізімін жасақтауда кеткен қателіктерді зерделедік, қазіргі таңда осы екі мәселені де өз бақылауыма алып отырмын. Алқабилер бойынша келесі жылдың алғашқы айында тізімді бекітіп облыстық әкімдіктің аппаратына ұсынуымыз керек. Өз тарапымыздан жұмысты біз бастап кеттік»,-дейді Б. Ізғалиев.
Венера МИРЛАН