Ел басшылығы Сирияға кеткен қазақстандықтардың барлығын қайтарып алуға ниетті - Дәурен Абаев
2019 ж. 17 мамыр
2012
0
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Жусан-2» операциясына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Шынында да біздің отандастарымызды Сириядан алып келу бойынша екінші операция өте сәтті аяқталды. Осы жолы құтқарылғандардың саны бес есе артық болды. Олардың ішінде балалар көп. Бірінші операция секілді «Жусан-2» мемлекет басшылығының тікелей жетекшілігімен өткізіліп, оған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Сыртқы істер министрлігінің үздік арнайы қызметтері жұмылдырылды. Қазіргі таңда барлық келген азаматтарға медициналық, психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетілуде. Сонымен бірге, біздің азаматтары оңалту бағытында үлкен жұмыстар күтіп тұрғанын атап өту керек», - дейді Дәурен Абаев Хабар арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.
Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда министрлік әкімдікпен бірлесе отырып, зардап шеккендермен жұмыс істеу үшін үздік теологтар мен психологтарды іске жұмылдырған.
«Біздің міндетіміз - қысқа уақыттың ішінде оралған азаматтарды тыныш әрі бейбіт өмірге бейімдеу. Түсіндіру және оңалту жұмыстары бір аптадан аз уақыт бұрын ғана басталғанына қарамастан, белгілі бір жемісті нәтижелер бар. Мәселен, ол жақтан келген әйелдердің бірі алғашқы күндері фотоға түсуден үзілді-кесілді бас тартып, құжаттаудан өтуге келіспеген еді. Бірақ, мамандар оның тілін тауып, қазіргі таңда ол әйел толыққанды оңалту курсынан өтуде», - дейді Дәурен Абаев.
Министр сонымен қатар, мұндай операциялар тағы да қолға алына ма деген сұраққа жауап берді.
«Менің ол туралы жіліктеп айтуға қақым жоқ. Бірақ, ел басшылығы барлық қазақстандықтарды қайтарып алуға бел буып отыр. Өзіңіз білетіндей, әлемде қазіргі таңда Сириядан келгендерді азаматтықтан айыру дұрыс па, бұрыс па деген тақырыпта пікірталастар қызып тұр. Ұлыбританиядан 4 жыл бұрын Сирияға кетіп қалған әйелдің өмірі жайлы естіген боларсыздар. Ал қазір ол қайтып келгісі келеді. Бірақ, ол әйелді қайта елге кіргізу керек пе, жоқ па деген сұрақ Ұлыбритания қоғамын екіге бөліп жіберді. Біздің жағдайда кім не десе де, олар - біздің адамдар. Олар осы жерде туған. Осы елде олардың туған-туыстары тұрады. Ешкім қателік жасамаймын деп айта алмаса керек. Қазақта «Егілмеген жер жетім, ерінен айырылған ел жетім», - деп түйіндеді сөзін Дәурен Абаев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Сириядан 231 Қазақстан азаматының елге жеткізілуіне байланысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеме жасады.
Менің тапсырмам бойынша 7 және 9 мамыр күндері Сириядан 231 Қазақстан азаматы елге жеткізілді, оның 156-сы - балалар, дені мектеп жасына дейінгілер, соның ішінде 18-і - жетім балалар. Бұл ауқымды гуманитарлық акция - Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен биыл қаңтар айында жүргізілген «Жусан» операциясының жалғасы», - делінген Мемлекет басшысының мәлімдемесінде.
Белгілі болғандай, Қазақстанға келгеннен кейін 16 ер адам мен 4 әйел ДАИШ жағында террористік іс-әрекетке қатысы бар деген күдікпен тұтқынға алынды.