Оқушыларды кредит алуға мәжбүрлеген қылмыскерлерге сот үкімі шықты
2019 ж. 13 мамыр
2335
0
Шымкентте екі ер адам жоғары сынып оқушылары мен бірінші курста оқитын студенттерді кредит алуға мәжбүрлеген, - деп хабарлайды sputniknews.kz.
Қаскөйлердің бірі осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін бұрын сотталған болып шықты. Олар жас жігіттерді айтқанын орындамаса, өлтіреміз деп қорқытқан. Қарсылық танытқандарды аяусыз ұрып-соққан. Осылайша жалпы сомасы бір жарым миллион теңгеге дейін кредит алғызған.
Жәбірленушілердің әрқайсысын бір-екі күн бойы түрлі банктер мен сауда орталықтарына апарған. Жас жігіттер кредит алуға немесе қымбат техниканы кредитке рәсімдеуге мәжбүр болған. Банк қызметкерлері олардан еш сезіктенбепті.
Жәбірленушілердің барлығының жеке куәлігі болған, кредиттерді де өздері рәсімдеген.
Қылмыскерлер жарты жыл бойы өз арам ойларын іске асырғаны анықталды. Осы уақытта олар 16 мен 19 жас аралығындағы бес жігітті бопсалаған. Жәбірленушілердің ата-аналары бұл жайында банктен қарызды төлемегені үшін ескерту келген кезде, яғни екі-үш айдан кейін ғана білген.
Күдіктілер банктер мен сауда орталықтарында бірнеше рет бейнебақылау камераларына түсіп қалғандықтан, полицейлер оларды анықтап, ұстады.
Еңбекші аудандық соты оларды кінәлі деп тауып, алты жылға соттады. Сотталғандар жәбірленушілерге келтірген шығынды өтеуге міндеттелді.