"Мерекенің соңы сорақылыққа ұласып кетеді" - Қала тұрғыны Жеңіс күні туралы
2019 ж. 13 мамыр
2746
0
«Қостанай таңы» газетіне оқырманның назы ретінде мақала жарияланған екен. Онда автор Жеңіс мерекесін атап өтудің жыл сайынғы куәсі ретінде бірқатар мәселеге назар аудартады.
«Біз осы мерекені қалай тойлап жүрміз. Соған алаңдаймын. Мені қынжылтатыны, әдемі басталған мерекенің соңы сорақылыққа ұласып кететіні» деп жазады автор.
Оның жазуынша, ресми шаралар аяқталысымен жұрт саябақтың шырқын кетіреді. Көбі тегін үлестірілген солдат ботқасы мен жүз грамм ащы суға ден қояды.
«Әлгінде ғана әспеттеп жүрген атасының портретін талға сүйеп қойып, жайылған дастарқанды айнала жата-жастана жайғасып, жең түріп, жеңіс үшін сілтей сіміріп жатқан майдангер ұрпақтарынан көз сүрінеді. Соңында ауыр шайқастан шыққан жаралы жауынгердей бірін-бірі сүйреп-сүйемелдеп саябақтан шығып бара жатады. Құлаған бөтелке, босаған стақан, төгілген ботқа, шашылған шашлық, қаңсыған қалбыр, сынған қалампырға толып саябақ қалады. Сол саябаққа ата-анасына еріп әлі есі кірмеген бала-шаға да барады. Үлкендердің үлгісі әлгіндей болса, оның жетегінде жүрген бала ертең көргенін қайталамай ма?!» деп жазады автор.
Сөз барысында автор мерекелерді арақпен атап өтуді тиятын кез жеткенін, сонымен қатар қоғамдық орындарда жүріп-тұрудың заң нормалары сақталуы тиістігін алға тартады.