Дулат Исабеков: Қазақ халқы үшін өзгелер емес, Мамбеталиндер қауіпті!
2019 ж. 11 мамыр
13275
30
Басқа елде болса мұндай бейауыз, бейәдептігі үшін бұларды қоғамнан аластатып жіберер еді
Саясаткер Серікжан Мамбеталиннің әлеуметтік желіде "Қазақ тілің бір жерге тығып қой" деп жазған сөзі қоғамның қызу талқысына түсті. Бұл туралы белгілі ақын Қазыбек Иса "ҚАЗАҚ ТІЛІ СЕНІ ЖЕРГЕ ТЫҒЫП ЖІБЕРМЕСІН, СЕРИКЖАН!" атты мақала жазып, оны он мыңға жуық адам оқыды. Бүгін көрнекті жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабеков аталмыш мақаланы оқып, редакциямызға хабарласып, өзінің осыған қатысты пікірін жазып жолдады. Ұлттың жоғын жоқтап жүрген әлемге әйгілі жазушының жанайқайын еш өзгеріссіз оқырман қауымға ұсынамыз.
Редакциядан
"Қазақ тілі басқалардан емес, Мәмбеталин секілді шалақазақтардан-ақ қорлық көрумен келеді. Өз ана тілін "бір жеріне тығып қой"деп айту үшін адам қай дәрежеде мәдениетсіз, қай дәрежеде мәңгүрт болуы мүмкін?
Осындай адамсымақтар партия құрып, қозғалыстарға басшылық жасап жүргені, есерсоқ ессіздердің аузына не келсе соны айтқызып, тайраңдатып қойғаны халқымыздың қойдан жуас момындығынан.
Басқа елде болса мұндай бейауыз, бейәдептігі үшін оларды қоғамнан аластатып жіберер еді. Ондайларға біз ғана көне береміз.
Араларыңда осындай арсыздарды алшаңдатып қойғаны үшін сен де, мен де, ол да, үндемей қалған бәріміз де кінәліміз халқым. Ойлансаңдаршы!
"Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді" деуші еді, өкінішке орай осындай "құмалақтар" азаюдың орнына көбейіп келеді.
Қазақ халқы үшін басқа ұлттың арам пиғылды адамдарынан гөрі, өз ішіміздегі ұлттық саналарын үсік шалған дәл осындайлар қауіпті.
Юлиус Фучиктің сөзімен айтқанда "Адамдар, абай болыңдар!"
Дулат Исабеков,
Жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты