Мемлекет басшысы: Бүгінде қаншама ұстаздың еңбегі еленбей жүр
2019 ж. 03 мамыр
3841
0
Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдер, дәрігерлер мен журналистердің ерен еңбектерін елеп, марапаттауды ұсынды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде тек әкімдер мен министрлер марапатқа лайық деп танылады. Ордендер мен медальдар мерекелік шеруге шыққан азаматтардың ішінде тек басшылықтың төсінен ғана көрінеді. Бүгін Қазақстан Президенті бұл туралы Алматы облысының азаматтарына еліміздің әлеуметтік-экономикалық һәм мәдени дамуына зор үлес қосқаны үшін алғыс хаттар табыстау кезінде айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ерен еңбек қашан да еленуі тиіс. Әсіресе медицина қызметкерлері, құрылысшылар мен мұғалімдердің жұмысын жоғары бағалау қажет. Қазіргі уақытта бірде-бір министр марапатсыз қалған емес. Бәрінде де орден бар. Тіпті олар бұл орденді әр бес жыл сайын алып отырады. Ол аздай, «біз марапатқа лайықпыз» деп, өздерін мақтап, медальдарды сұрап келетіндер бар. Ал бүгінде қаншама ұстаздың еңбегі еленбей жүр! Біз осы мәселені Елбасымен бірге талқыладық. Ол мұнымен толық келіседі.