Сәдібек Түгел: Еліміздегі ахуалды жақсартсам деймін
2019 ж. 24 сәуір
3329
0
Орталық сайлау комиссиясына бірінші болып құжаттарын тапсырған, "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы атынан президенттікке үміткер Сәдібек Түгел Sputnik Қазақстан тілшісіне неге сайлауға түскісі келетінін айтты.
"Қоғамды сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде демократизациялауға белсенді атсалысқым келген соң, осындай шешім қабылдадым. Еліміздегі ахуалды жақсартсам деймін", - деп президенттікке үміткер Сәдібек Түгел ойымен бөлісті.
Кандидат сайлау алды науқанына әзірлеп отырған тұжырымдарымен де бөлісті. Жазушы Сәдібек Түгел саяси жүйені, экономиканы, мәдениет және білім саласын реформалауды ұсынады, сондай-ақ елдегі жемқорлықтың түбегейлі жоюды көздейді.
"Ешбір партияның құрамында жоқпын. Мен "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысының атынан тәуелсіз кандидатпын. Менің ұраным: "Әділдік, теңдік, бостандық", - деді ол.
"Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы 2011 жылы 12 қазанда құрылған. Қоғамдық ұйым мәдени және ұлттық құндылықтарды дамытумен айналысады.