ЖӘРДЕМАҚЫ ҮШІН ЖАНТАЛАС
2019 ж. 05 сәуір
3014
6
Еліміз бойынша 21 мың теңге жәрдемақы алу үшін жанталас жалғасып жатыр. Ақтөбедегі әлеуметтік сала қызметкерлері келушілердің көптігінен жәрдемақыға құжат қабылдап үлгермей, түскі үзіліссіз он екі сағат бойы тапжылмастан жұмыс істеуде.
– Қазір жеті пунктте қабылдау жүргізіліп жатыр. Азаматтардың келіп, көптеп арыздануына байланысты әлеуметтік қызметкерлер құжат қабылдаудың қанша уақытқа созылатынан анық білмейді. Дегенмен, жәрдемақыдан дәметіп келіп жатқан әйелдердің қарасы өте көп. Арасында құжат арқалаған ер азаматтар да бар. Жұрт жәрдемақы үшін таңның атысынан кезекке тұрып әлек. Ақтөбеде айналдырған бір күн ішінде мыңнан астам адамның құжаты қабылданған. Бірақ оның жартысына жуығын кері қайтарыпты. Өйткені, отбасылық кірісі мөлшерден асып кеткен. 21 мың теңгеден қағылған кейбіреулер бұған келіскісі келмей, сол жерде арыздарын да жазып жатыр. «Кішкентай екі балалы жалғызбасты анамын. Жәрдемақы үшін әкемнің зейнетақысын кіріс ретінде есептеп отыр. 21 мың теңге маған тиесілі емес дейді. Сонда қалай? Енді әкемнің үйінен кетіп, далада қаңғып жүруім керек пе?» – дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Әлия Есенәлиева. Жалғыз басты ананың арызы орынды. Сонда оның әкесі тамақ ішпейтін, киім кимейтін құлтемір болғаны ма? Осы заңды ұсынған министрлер мен оны бекіткен депутаттар не ойлады екен?..
qazaquni.kz