АТАЖҰРТЫНА ОРАЛҒАН ҚАНДАСТАРЫМЫЗҒА ҚАМҚОРЛЫҚ КӨРСЕТІЛЕДІ

Алматыдағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қалалық қоғамдық келісім кеңесінің кезекті отырысы болып өтті. Жиында «Атамекеніне қайтқан қандастар мәселесі мен көші-қон саясаты» атты бүгіндер күн тәртібінен түспей отырған күрделі тақырып сөз болды.

Отырысқа аталмыш кеңес хатшылығы жетекшісі Н. Балғымбаев, Алматы қаласы мәслихаты депутаты, қалалық Қоғамдық кеңестің төрағасы Рахман Алшанов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Нәбижан Мұхаметханұлы, қоғамдық кеңестің мүшесі Қазбек Шайх, жазушы Алмас Сақпаев, «Ерке Нұр» ЖШС директорының орынбасары Жамал Баймұханбетова, Алматы қаласы көші-қон полиция қызметкері, капитан Ернар Маханов сонымен бірге Өмірәлі Әділбек, Рахым Айыпұлы, Дина Белешова, Ботагөз Уатхан секілді бірқатар қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Шетелден оралған қандастарымыздың мәселесі еліміз егемендік алысымен жіті қаралып, көптеген шаралар жүзеге асырылғаны белгілі. Нәтижесінде алыс-жақын шетелдерден миллионнан аса қандастарымыз атажұртына оралып, тұрақты мекен тапты. Сонау 1991 жылдан бері кейбір деректер бойынша елімізге миллионнан аса этникалық қандастарымыз келсе солардың 80 пайызы Көші-қон комитетінің тізіміне еніп, тіркеуден өтіп, оралман мәртебесін алды. Ал қалғандары өз күшімен көшіп келгендер. Отанына оралған этникалық қазақтардың басым бөлігі Қазақстан Республикасы заңнамасында қарастырылған мемлекеттік көмектерге ие болды. Бүгінде елге оралған қандастарымыз Қазақстандағы жергілікті ұлттың шамамен 10 пайызын құрап отыр. Бұл көрсеткіш әрине еліміздің қазіргі

таңдағы күрделі демографиялық ахуалына да оң әсерін тигізетіндігі сөзсіз. Сондай-ақ олар ондаған жылдар бойы бөгде ортада өмір сүріп келгеннен кейін сол жергілікті ортаның мәдениет элементтерін сіңдіруі де заңдылық. Бірақ тарихи Отанынан жүздеген, ондаған жылдар бойы сырт жүрсе де, өзінің ұлттық мәдениетін сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып атадан балаға мирас етіп, этномәдени мұраларының қалпын бұзбай келе жатқан ұлттық нақыштағы дәстүріміз, өнеріміз қазақ мәдениетінің кейбір ұмыт бола бастаған тұстарын толықтырып, жандандыруда. Сондықтан дәстүрлі мәдениетімізді таратушы қандастарымыздың ұлттық мұраларының сақталуы мен өзгерісін, тарихи Отанға қоныстану үдерісіндегі жергілікті ортаға бейімделу мәселелерін, олардың еліміздің саяси, әлеуметтік, мәдени дамуындағы ролін зерттеудің маңызы зор.

Қазақстанға келген оралмандардың 61 пайызы — Өзбекстаннан келгендер. Сондай-ақ, 14,2% — Қытайдан, 9,2% — Моңғолиядан, 6,8% — Түрікменстаннан, 4,6% — Ресейден және 3,6% — өзге елдерден оралған қандастарымыз. Олардың басым бөлігі Түркістан, Алматы, Маңғыстау, Жамбыл облысына қоныстанды. Елге оралған қандастарымыздың 55,6% — еңбекке қабілетті жаста болса, 18 жасқа дейінгілері — 39,9%, зейнеткерлер — 4,5% құрайды.

Көші-қон жолы тақтайдай тегіс болды деп айта алмаймыз. Бұл ауқымды шараларды іске асыруда көптеген қиындықтар болды. Тұрақты тіркеу, оралман мәртебесі мен Қазақстан азаматтығын алу барысында бірқатар қиындықтар туындап, көпшіліктің талабымен заңдық тұрғыдан өзгертулер жасауға тура келді. Аталмыш мәселе әлденеше Қазақстан Республикасы Парламентінде қаралып, біршама жеңілдіктер жасалғанмен, қазір де тұрақты тақырып ретінде талқыланып келеді. Бұл туралы осы отырыста оралмандар мен көші-қон саясаты жөніндегі топтың жетекшісі Фарида Мерхамитқызы баяндама жасап, қаладағы осы бағыттағы жағдайды баяндап берді.

Одан кейін ортаға шығып сөз алғандар елге оралған қандастарымызға кездесіп отырған бірқатар проблемаларды ашық айтты. Әсіресе көші-қон полициясы өкіліне сұрақтар жиі қойылды. Оралмандар жергілікті заңды жетік білмегендіктен қиындыққа тап болатыны баса айтылды. Тіркеу, оралман мәртебесі мен азаматтық алу бағытында заңдық кеңес беру қажеттілігі көрсетілді. Сол сияқты жұмысқа орналасу, білім, медициналық көмек алу тағғы да басқа мәселелер көтерілді. Ернар Маханов қойылған сұрақтарға нақты жауап беріп, көші-қон полициясы тарапынан заң шеңберінде қолдан келер көмекті аянып қалмайтындарын білдірді. Жиналысқа қатысқан БАҚ өкілдері бұл шараны кеңінен насихаттап, бұқараны хабардар етіп отыру керектігін, әрбір 2-3 айда атқарылған жұмысты қорытындылауды еске салды. Мысалы осы отырысқа бірде-бір телеарна шақырылмаған. Ал телеарналардың бұл жағынан мүмкіндігі мол. Ұйымдастырушылар бұл ескертуді назарға алып, алдағы уақытта олқылықтың орнын толтыруға уәде берді.

Айта кетуіміз керек, бұл арнайы жұмыс тобының алғашқы отырысы. Сондықтан ұйымдастыру жағына баса назар аударылды. Топ жұмысына қоғам белсенділері, ғалымдар, қаладағы көптеген диаспоро өкілдері мен студент жастар да тартылмақ. Алға қойған жоспар ауқымды, енді соны іске асыра білу керек, оған толық мүмкіндіктер де бар. Жиналысты Қазақстан халқы ассамблеясы қалалық қоғамдық келісім төрағасы Ахметжан Шардинов жүргізіп отырды.

Бек МЫРЗАҰЛЫ,

qazaquni.kz