АЛАШТЫҢ КӨСЕМІНІҢ АТЫН АЛҒАН...
2019 ж. 18 наурыз
5360
0
ҚҰТТЫҚТАУ!
ҰЛЫТАУ ЖОЛЫҢЫЗҒА АҚ ЖОЛ АШТЫ
Астана мемлекеттік қызмет ХАБ
Басқарушы комитет төрағасы
Әлихан БӘЙМЕН мырзаға
Құрметті Әлихан Мұхамедияұлы
Сізді асқаралы алпыстың асуына шығуыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Сізге зор денсаулық, мол бақыт тілеп, еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз дейміз.
Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері ретінде Сіз Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне өз үлесіңізді қосып келе жатырсыз. Еліміздің демократиялық дамуы жолындағы еңбегіңіз өз алдына бір төбе. Ұлытау қозғалысынан басталған қоғамдық-саяси жолыңыз бүгінде Парламентте фракциясы жемісті жұмыс істеп жатқан Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының қазығын қағып, Ақ жол ашқаныңыз елімізге белгілі.
Қоғамымызды саяси ағарту саласында да атқарған шаруаңыз аз емес. кезінде «Зерде» қорының «Темірқазық» ашық пікірталас клубына елдің кілең қайраткер-қаламгерлері мен зиялылар қауымы атсалысқан болатын.
Құрметті Әлихан Мұхамедияұлы!
«Ақ жол» партиясы Сізді құттықтай отырып, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, партиямыздың бастауында тұрған көрнекті мүшесі ретінде және Хан ордасы Ұлытаудың перзенті ретінде «Ақ жол» партиясы мен Қазақстан тарихшылары қауымдастығы бірлесіп шығарған «Қазақ хандығына 550 жыл» мерекелік медалымен марапаттайды.
Сізді мерейтойыңызбентағы да құттықтап, мерейіңіз үстем болсын, жүзіңіз жарқын күйде Жүзге жетіңіз деп, Ақ жол тілейміз.
Құрметпен,
Азат ПЕРУАШЕВ,
Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
19 наурыз 2019 жыл
"Жас қалам" қосымшасы мен жас ақындарға Әлекеңнің демеуі зор болды
Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бәймен ағамыз да асқаралы алпыс жасқа келіпті. Бұл орайда осынау айтулы азамат, білікті маман, іскер жетекші, жайсаң замандас туралы кейбір жәйттер еске түседі. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Әлекеңе қатысты көңіл түкпіріндегі аз-кем естелікпен бөлісуді ұйғардық. Жаңа ғасыр басталған тұста республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің басшылығына көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет келді. О кісімен сол күндердің бірінде әңгімелесіп отырғанымызда: – Жаңа дүниелерің бар ма, сенің өлеңдеріңді жариялайық, сыртына бір ауыз сөзіңді берейік, – деп қалды. Әрине, мұндай ниет құлағыма жақты, көңіліме қонды. Дегенмен, ойлана отырып: – Ұлаға, біздің кезегіміз қашпас. Қайта, түрлі себептермен көріне алмай жатқан жастарды шығарсақ, – дедім. Ұлағаң бірден: – Иә, мұның, расында, «идея» екен. Олай болса, жастарға арнап, газеттің қосымшасын ашайық. Атын «Жас қалам» деп қойсақ. Және оны ай сайын үзбей шығарып тұрсақ, – деп аяқ астынан өзіме тапсырма беріп тастады. Көп толғандым. Айтуын айтып қалғанымызбен, бұл оп-оңай атқарыла салатын шаруа емес еді. Оның өскелең талғамға сай формасын ойластыру керек, макеті, фотосуреті, түрлі иллюстрациясы, мазмұн-мағынасы бар, кімді беріп, кімді қоямыз, тартымды етіп шығара аламыз ба, сенімді қалай ақтасам болады дегендей, әжептәуір қиналуға тура келіп қалды. Ең алдымен қаражат мәселесі деген «қамал» бар еді. Бұ жағына келгенде, тіптен, тұйыққа тірелдік. Содан ойласа келе «Зерде» қоғамдық қорының жетекшісі Әлихан Бәйменге барып жәрдем беруін өтіндік. Әлекең талабымызды бірден қолдап, көмек қолын қуана созды. Міне, осылайша іске кірістік. Газет маңдайына «Зерденің» эмблемасын орналастырып, «Жас қаламды» ақырындап шығаруға кірісіппіз. Мұнда ай сайын дарынды жастардың өлеңдері, әңгімелері, сын материалдары біртіндеп шығып жатты. Мен де игілікті іске құлшына кірістім. Әр дүниенің тұсында тұратын суреттеріне дейін өзім салып, түннің бір мезгіліне дейін отыратын сәттерім күні бүгінге дейін есімде. Арада бір айдай өткенде басылымның алғашқы санымен танысқан Ұлықбек ағамның риза болып, арқамнан қаққанын да ұмытпаппын. – Бұл – біздің жастарға жасаған үлкен бір сыйлығымыз болды. Енді осыны жоғары талапқа сай мұқият шығарып тұруымыз керек, – деді ақын ағам.
Расында, да ғажайып бір әлем пайда болғандай еді. Енді осынау жарияланымды бүкіл ел асыға күтетін болды. Қазір елге етене таныс жас ақын-жазушылардың көпшілігі осы қосымша арқылы танылды десек, артық айтқанымыз емес. О тұста бүгінгідей әлеуметтік желі деген жоқ. Түске де кірмейді. Сондықтан, «Жас қалам» қосымшасы әрбір жасқа лайықты мінбер болғаны анық. Әйтеуір, әуелі Құдай, одан соң Әлихан Бәймен болмағанда, «Жас қаламның» шығуы неғайбыл-тын. Ондай жағдайда, қаншама дарынды жастың танылуы, әдеби жағынан ұшталуы, жарқырап көрінуі кешеуілдеп қалатындығы түсінікті еді. Әр нәрсе өзінің уақытымен ұшталады ғой... «Жас қаламға» кәнігі қаламгерлер де белсене атсалысты. Мәселен, қосымшаның «Тұңғыш туындының тарихы» деген айдары аясында олар өздерінің ең алғашқы шығармаларының жазылуы туралы ағынан жарылып, жүрекжарды сырларын айтты. Ұрпақ сабақтастығы, өзара тәжірибе бөлісу, сырласу деген де осы еді. Бұл ретте айтпағымыз, Әлихан Бәймен дер кезінде демеушілік жасамағанда, бүгінгі кейбір ақын-жазушылар дәл уақытында өзіне лайықты жол тауып, елдің әдеби өмірінен танылмай қалар ма еді деген күдік билейді. Қазір қарасақ, Әлекең осы жағдайды жіті сезініп, мән-жайды терең түсініп, ахуалды нақты бағалай білді деп ойлаймыз. Әйтпесе, ол ондай қадамға бармас еді. Міне, соның нәтижесінде бізден кейінгі тұтас бір буын қалыптасып, өсіп шықты. Ал осы ахуалды кейінгі жастар біле ме, білмей ме, ол – басқа мәселе... Ақыры, газет қосымшасы шығып жатты. Ел де оны өз-өзінен шығып жатыр деп ойлаған шығар. Бірақ олай емес еді. Оның сыртында Әлихандай азаматтың жомарт жүрегі, мейірімді көңілі, қамқор алақанының табы жатқан болатын. Мұндай жәйттер, әлбетте, ертелі-кеш айтылуға тиісті деп ойлаймын. Дәл сол тұста газет қосымшасының шығуымен бірге түрлі поэзиялық кештер, мүшәйралар өтіп жатты. Олардың да басы-қасында Әлекең жүрді. Ол да өзіндік бір мінбер еді. Жастар онда өз ойларын ашық айтты. Пікірлесу, араласу, сырласу дегендей мағындадағы кештер қоғамды ұйыстыра түсті; биік елдік мұраттар жолындағы жарқын, мейлінше жасампаз көзқарастарға мұрындық болды. Біз де сол тұста хал-қадерімізше жүрегіміздің ақ-адал сөзін айта алдық деп білемін. Жастар марапатталып жатты. Оның қазір кімдер екені де анық есте жоқ; әйтеуір, біздің арамызда біреулерге бұра тарту, әділетсіздік жасау деген әңгіме болған жоқ. Ел де риза еді. Міне, біреуге аға, біреуге іні Әлекеңдей жарқын тұлғаның осындай еңбегі бар еді. Бір қарағанда, аса ауқымды көрінбегенімен, шынында, ұлттың рухани өміріне, әдебиеті, мәдениетіне сіңірілген ұлан-ғайыр еңбек. Иә, қайталап айтайық, соның арқасында қаншама жастардың тағдыры шешілді деуге толық негізіміз бар. Кейін бағамдап көрсек, Әлихан ағамыздың осыншалықты ұлт жанашыры деңгейіне көтерілуі сонау бала кезінен-ақ басталған секілді. Оның өмірбаянына қарасаңыз, небір қызықты жәйттерді байқайсыз. Айталық, жастайынан қоғам және мемлекет қайраткері ретінде танылған Әлихан Мұхамедияұлы ешқашан коммунистік партияның мүшесі болмапты. Қайта, керісінше, сол коммунистік идеяларға қарсы болып өскен екен. Себебі, өз әкесі мен нағашысы сол жүйенің қуғын-сүргініне көп ұшырапты. Әкесі Мұхаң өмірінің соңында, яғни, совет өкіметінің дүрілеп тұрған кезінде, нақтырағы 1980 жылдары жүз адамнан тұратын мешітті тіркеу үшін күресіп, ақыры дегеніне жетеді. Және о кісі қылышынан қан тамған сол солақай жүйемен күресті ертеден-ақ бастаған екен деп пайымдаймыз. Әйтпесе, ол өз ұлына Әлихан Бөкейханның есімін қояр ма еді! О заманда Алаш арыстарының атын атауға тиым салынбады ма?! Бала Әлихан жасында бокспен айналысыпты. Сондай-ақ, футболды көп ойнаған. Және әдетте орталық жартылай қорғаушы болған. Әмбе әріптесіне ылғи «пас» беруді ұнатқан. Міне, осыдан-ақ, болашақ ел қайраткерінің мінез-құлқы байқалатындай. Ал «Зерде» қоғамдық қорына келсек, кезінде осы ұйымның атқара бастаған жұмыстары туралы естіген Президент Нұрсұлтан Назарбаев Әлихан Бәйменге өзі телефон шалып, осы шаруа дұрыс шаруа екенін, мұны мемлекет тарапынан да қолдау қажеттігін айтыпты. Қысқасы, асқаралы алпыс жасқа толып отырған Әлекеңнің әрбір ісіне толағай табыс тілегіміз келеді. Сондай-ақ, оған, әлбетте, зор денсаулық, шалқар шабыт тілейміз. Өйткені, оны асқар елдік мұраттар бағытында атқаратын қыруар істер күтіп тұр.
Маралтай Райымбекұлы, ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
Қазыбек Иса. АСПАНДАҒЫ АЙТЫС
*Қаз-қалпында
Саясатта неше түрлі жағдайлар бола береді ғой. 2007 жылғы елімізде ең алғашқы партиялық тізіммен түсетін Парламент сайлауында Әлихан Бәйменов басқаратын «Ақ жол» партиясына белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мақсұт Нәрікбаевтың «Әділет» партиясы келіп қосылды. Біз сияқты басым бөлігі зиялылардан құралған партияға кілең заңгерлер мен кәсіпкерлер келіп, араласып кеттік. Саяси әлемде «Ақ жолдың» әйгілі аты бар, «Әділеттің» қаржылық «заты» бар. Мақсұт Нәрікбаевтың Қазақстан Президенті Н.Назарбаевпен Украинада бірге оқыған достығын естіп жүрген ел сол кезде неше түрлі жел сөзге ерік бергенмен, орасан зор шығын кететін сайлау алдындағы бұл қосылудың басты мәні осы еді… Сайлаудан кейін әдеттегідей әркім өз жөнімен кетті…
Менің айтайын дегенім – саясат емес… сайлау кезіндегі аспандағы айтыс. Айтыс болғанда да, саяси талас-тартыс емес, ұшақ ішінде демалып отырғанда Әлихан Бәйменов екеуміздің арамызда айтылған екі-үш ауыз өлең еді… Көрпемізге қарай көсіліп жүрген біздің «Әділет» келгелі әріміз кіріп қалды. Сайлаушылармен кездесетін маңызды да, шұғыл жерлерге ұшақты шартерлеп ұшатын болдық. Ең алғашқы кездесуімізді қасиетті Түркістан қаласынан бастайтын болғасын, Алматыдан Шымкентке біраз адам ұшып шықтық. Түркістанға барып, әдейі жасалып қойған әкімдердің қатты кедергісіне қарамай, атты шерумен бастадық сайлау жорығын… Тіпті елбасының досы екенін айтпағанда, бір кездегі бас прокурор, жоғары сот төрағасы Мақсұт Нәрікбаевтай ағамыздың алдында да әкімшлік тапсырмасымен келген ауданның жай прокурорының айылын тарпағанын көрдік… Заман-ай десеңші.. Сонымен, қойшы, байқамай зуылдап, саясатқа ауысып барады екенмін ғой (бәлкім бір кезде жазылар) , қайтарда, 17 шілде күні ұмытпасам, ұшақ ішінде шаруа біткен соң жайланып отырдық. Ұшақтың ұшқыштар отыратын алдында төрт адамдық жеке бөлмесі бар екен, яғни есігі жабылатын бизнес клас деуге келеді. Соған, яғни, төрге Әлихан Бәйменовпен бірге Мақсұт Нәрікбаев, дара тұлғалы қоғам қайраткері Амангелді Айталы, айтулы ақындар Ибрагим Исаев, Исраил Сапарбай секілді ақсақалдар жайғасты. Ал белгілі киноактер Асылболат Смағұлов, әйгілі әнші Кенжеғали Мыржықбаев, мен секілді көксақалдар «эконом класты» қанағат тұттық. Ұшақ ішінде түскі ас беріліп жатқан кез. Бір кезде төрге қарай сусынның күшті түрлері кіре бастады. Оны тағы да аяқ жақтағы «ас үйден» әп-әдемі әуесерік қыздар тура біздің төбемізден алып өтеді… Асылболат-Асекең екеуміз елеңдеп отырмыз, төрдегілердің бізге бұрылар түрі көрінбейді. «Мына шалдарың өздерінен басқаны ұмытып кеткен бе-ей» деп екеуміз қалжыңдай бастадық. Ал Кенжекеңнің ондаймен шаруасы жоқ. Ішетін ас-суын екі-үш рет шұқылап тексеріп көріп, талабына сай келсе, жеп алып, айналадағы ауаны «өлшегішімен» өлшеп көріп (жұтуға бола ма, болмай ма» дегендей), бәрі дұрыс болса, сағатына бір қарап қойып, ұйқысын қандыруға кіріседі. Бір кезде Асекең маған: «Әлекеңе өлең жазып жіберсейші, қызық болсын» деді. Өзім де тамағым жыбырлап, зорға шыдап отырғанмын, лезде жазып жібердім:
Әлеке, жетпеді ғой, сәлемдемең,
Осындайда шығады өлең деген.
Шөп-шаламды жейміз деп, түйіліп қап,
Түріміз бар төр жаққа елеңдеген…
Мәкең мен Әбекеңе жеткізсеңіз,
Үміт бар ғой ойланып қалар деген..
Асекең де тыпыршып отыр мында,
Бәрібір Әлекеңе сенем деген…- деп, екі шумақ өлеңді шай тасып жүрген әуесерік қыздан беріп жібердік. Кіре салып, лып етіп қайта шығатын қызымыз бұл жолы кідіріп қалды… Не болар екен деп, жымыңдап біз отырмыз. Бір кезде әуесерік қыз мен беріп жіберген бір парақ қағазды қайта алып келді. Қарасам, қағаздың екінші бетінде Әлиханның жауабы бар екен:
Қазеке, білеміз ғой мінезіңді,
Бұзып қойып жүрмеңіз «режимді…»
Ас-ағаң да «боғы» емес сау сиырдың,
Сондықтан қойсай бізге ренжуді…
Әлиханның тапқырлығы мен ақындығына разы болып, күлісіп алып, қайта жаздық.
Ризамын жауапқа аға, мына.
Көп сөз бірақ келіп тұр… қаламыма.
Шайтан түсіп кетпесе, болды- дағы,
Шайырлардың шайқалған шарабына…
Ащыны айтып отырған біздер жоқпыз,
Тәтті беріп, құтылсаң, болады да…
Әсем қыздан өлеңімізді тағы беріп жібердік. Тағы кідіріс. Әуесерік қызымыз алып шыққан жауап мынадай екен:
Қазеке, өкпелеме, өкпелеңіз,
Біз сендерді қалайша жек көреміз?
Аспанда жағдаймыз не болар деп,
Жерге түссек, көрерміз деп келеміз…
Жақында қағаздарымды ақтарып отырып, осы екі парақ қағазды тауып алғанда сол бір кез есіме түсе кетті. Әлиханмен айтысқан басқа қағаздар сақталмапты. Әдемі әуесерік қызға арнап өлең жазып, жарысқанымыз, Әлекеңнің біздің өлеңімізді дереу орыс тіліне өлеңмен аударып жазып, оқып бергені бар еді. Тіпті, орыс қызға арнап, орысша өлеңді сол жерде суырып салып жазғаны біраз әңгіменің жүгі болары анық. Задынан зиялы, терең білімді, әлем әдебиеті мен мәдениетін, тарих пен философияны мамандардан артық білмесе, кем білмейтін Әлекеңнің бұл да болса, бір қыры шығар… Табылған осы өлеңдерді жазып ала қояйын деп, қолға қалам алғанымның аяғы осы болды…
24 қаңтар, 2013 жыл.
Қазақтың жаны – қазақ әндерінде
1985 жыл. Аспирантпын. Қосымша табыс үшін Асқар есімді азамат екеуміз түнде Мәскеудің 1905 жыл көшесіндегі трамвай депосында жұмыс істейміз. Николай деген түрі қазаққа ұқсас егде бригадир бір күні бізден қазақша сөйлесуімізді өтінді. Біз сөйлесе бастағанда көзі жасаурап, көңілі бұзылып, бұрылып кетті. Кейін өз тағдырын баяндап берді. Ол – қазақ екен. Ашаршылық зардабынан 2-3 жасар баланы анасы Мәскеуге бара жатқан отарбадағы біреулерге табыстаған деп ойлайтынын айтты. Солай деп өзі тәрбиеленген балалар үйіндегілер айтса керек. Бар білетіні – қазақ екендігі және Қостанай атауы. Ол туған жері ме, не отарба аялдаған жер ме, одан бейхабар. Заты қазақ болғанымен, таза орыс-кеңес мәдениетінің өкілі болып тәрбиеленген. Іштей Қазақстанды көруді армандағанмен, оны жүзеге асыруға жүрексінеді екен. Отбасы да құптамаса керек. Барғанымен ешкімді білмейтінін айтып, көңілі құлазыды. Келесі түні Николай қазақша ән айтуымызды өтінді. Ән айтылғанда көзінен жас парлап қоя берді. Кейін ауысымдарымыз тура келген сайын бізге ән салғызатын болды. Николай бізге ағалық қамқорлық жасап, жатақханадағы достарымызға асханадан сәлемдеме жіберіп тұрды. Түнгі жұмысты доғарып, қоштасуға келгенімізде: «Мен енді ғана қазақтың жанын түсіне бастадым. Әсіресе, қазақтың әндері қатты әсер етті. Сендерге рахмет. Мауқымды басқандай болдым. Елді бір көріп қайтуға бел будым» – деп, бізге батасын берді.Әлихан Бәймен,
фейсбуктегі жазбасынан
Қазақтың жігітінің Ұлытауы!
Туғалы отқа түсіп, өртке де еніп,
Өмірдің өлмес күйін шерткен едік.
...Сен біздің үкілеген үмітіміз –
Сен біздің сеніміміз сертке берік.
Көктемге ғашық кезден көңіл-елік,
Кей-кейде ақын болып тебіреніп...
Керегін әр заманға бір Әлихан –
Ұққанбыз, айналайын, сені көріп.
Ғұмырда кім ұтылып, кім ұтады,
тірліктің аймаласа нұры, таңы.
...Баршаны басатұғын бауырына –
Қазақтың жігітінің Ұлытауы!
Көкке ыршып көрген сайын көңіл-дөнен,
Иә, солай, Әлихан дос өмір деген.
...Адалдық, адамдықтың айдынында
Келеді желкен керіп сенің кемең.
Бата алған байтағынан байрақты өрен,
Мен сені қайрат көрем, айбат көрем.
...Ақбозың аламанға кірген сайын
Өлеңнен алтын таға байлап берем.
Тартқанда керуенің күнге көшін,
алдыңнан арай сүйіп, нұр демесін!
Ұлтының ұяты боп ұялаған –
Жұртының жүрегінде жүрген есім...
Ғалым Жайлыбай
ӘЛИХАН
Ардақты етіп елге арлы азабың,
Жолына жоламадың даңғазаның.
Алаштың көсемінің атын алған,
Жауапты боп келеді әр қазағым.
Ұлытау ұлыларын ұлықтаған
Ұлдары уыз ішкен ұмытпаған.
Жошы xан, Алаша xан, Ер Едіге,
Қазаққа қуат берген үмітті, алаң…
Алаш деп ұяласа көзіңе мұң
Сені мен сертке берік сезінемін.
Шоқайдың «Жас Түркістан» журналын да,
Лондоннан елге әкелген өзің едің.
Ұлтымды сүйген ерді ұнатармын,
Жұртымды ұлтшыл болмай жұбатар кім?
Ұлытау қозғалысын құрдың дағы
Ұранды Ұлытаудың ұлы атандың!
Болғанмен жай кездері көңіл нәзік,
Кетпейді ерлер барда елім де азып,
Ағарту саласында болып жүрсің,
Жастарды адастырмас Темірқазық!
Ардақты Әлиxандай Атың барда,
Атқа мінбей қалуға xақың бар ма?
Шығарады зиялы затың да алға.
Әлемдік әдебиеттен сөз қозғасаң,
Таңғалды біліміңе ақындар да…
Ұлытау xан көтерген Ел данасын,
Күтуде енді өзіңдей бел баласын.
Қазақта құлай сүйген кең даласын,
Әлиxан атын алған аз емес қой,
Бірақ та затын алған Сен ғанасың!
Қазыбек ИСА
17.03.2019.
qazaquni.kz