Өскеменде «Үздік ұлттық киім» байқауы өтеді
2019 ж. 18 наурыз
3158
0
Наурыз мейрамын мерекелеу аясында Өскемен қаласының әкімдігі үздік ұлттық костюмге конкурс жариялайды, деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Іс-шара 22 наурызда сағат 11.00-де Республика алаңында басталады. Байқауға барлық қала тұрғындары мен қонақтары қатыса алады. Ол үшін Республика алаңына келіп, байқаудың тіркеу пунктіне барып, кез келген ұлттың дәстүрлі костюмін мына номинациялар бойынша ұсыну қажет: «Үздік әйел костюмі», «Үздік ерлер костюмі», «Үздік балалар костюмі», «Отбасылық жұптың үздік костюмі», - деп мәлім етті Өскемен әкімінің баспасөз қызметі.
Костюмдер ұлттық дәстүрлерге сәйкестігі, дайындау шеберлігі мен шығармашылық көзқарас тұрғысынан бағаланады. Қазіргі заманғы костюмде ұлттық элементтерді пайдалану қажет.
Сондай-ақ, байқау қорытындысы бойынша әрбір номинацияда интернет-дауыс беру арқылы «Көрермен көзайымы сыйлығы» иегерлері анықталады. Бұл үшін алаңда арнайы фото-аймақ орнатылады. Қатысушылар селфи жасап, оны #IloveOskemen хештегімен Инстаграм әлеуметтік желісінде жариялауы тиіс. Жеңімпаздар естелік сыйлықтарға ие болады.