Қарағанды облысында Наурыз мейрамы қарсаңында қайырымдылық акциялары өтеді
2019 ж. 14 наурыз
2278
0
Қарағанды облысы Наурыз мейрамын тек концерттермен және халықтық ойын-сауықпен ғана атап өтпейді. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылар мереке қарсаңында қайырымдылық көмектер алады. Аймақтың бірқатар тұрғындары қоныстойларын тойлайды.
- Облыста Наурыз мейрамын тойлауға байланысты дайындық шаралары басталып кетті. Мейрамды атап өтуде атадан балаға мирас болып келген ұлттық және адами құндылықтарды жаңғыртуға басымдық беріледі. Биыл көпбалалы аналарға, аз қамтылған отбасыларға, қарттарға және жалғызбасты адамдарға, басқа да әлеуметтік қорғалмаған осал топтарға қолдау көрсету міндеті қойылды, - деді апараттық жиында Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Рыстин.
Оның сөзінше, қайырымдылық акцияларын жастар ұйымдарының еріктілері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен кәсіпкерлер ұйымдастырады.
16 наурыз облыстың барлық қала-аудандарында ауылшаруашылығы жәрмеңкелері өтеді. Онда тұрғындар қолжетімді бағаға азық-түлік сатып ала алады.
Жиналыста мейрамды тойлау барысында жаңа әлеуметтік нысандардың ашылатыны да белгілі болды. Жезқазғанда көпқабатты тұрғын үйден баспаналар беріледі. Сәтпаевта азық-түлік дүкені ашылады деп жоспарлануда.
Осы аптаның аяғына дейін барлық қала, аудандар мерекеге сай безендірілуі керек. Наурыз мейрамында облыста 300 әртүрлі шара өткізу жоспарланған: қайырымдылық акциялары, көрмелер, байқаулар мен викториналар, концерттер, театрландырылған қойылымдар және шерулер. Ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар өтеді.
Облыс бойынша мерекеде 300-ден астам киіз үйлер құрылады.
Қарағандыда жолдар жабылмайды. Басты мерекелер орталық мәдениет және демалыс саябағында өтеді. Тойлау 22 наурыз, сағат 12.00-де жағалауда «Қош келдің, әз Наурыз!» театрландырылған қойылымымен ашылады.
Мәдениет басқармасының ақпараты бойынша концерттік бағдарламаға 600-ден астам әртіс қатысады.
Барлық киіз үйлердің есіктері қонақтар үшін айқара ашылады. Бұл жерлерде музей экспонаттарын, қолөнер шеберлерінің жасаған дүниелерін көріп, қазақтың ұлттық дәстүрлерімен, салттарымен танысуға болады.
Облыс орталығында мерекелік қыдыру өзге де қала алаңдарында – Майқұдықта, Пришахтинскте, Сұрыптау бекетінде өтеді. Достық үйі алаңында бір шаңырақ астына барлық облыстық этномәдени бірлестіктер жиналады.
qazaquni.kz