САҒАДИЕВТЫҢ СҮРЛЕУІНЕН САҚТАНЫҢЫЗ, МИНИСТР ХАНЫМ!
2019 ж. 11 наурыз
1925
0
Тынымсыз да тиімсіз реформаларымен есте қалған Ерлан Сағадиевтың орнына келген су жаңа Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова үштілділікке қатысты өз ұстанымы мен алдағы жоспарларын білдірді.
«Заман талабына сай, балаларымыз, ең бірінші, өз ана тілін, қазақ тілін білуі керек. Себебі, қазақ тілін біз тек Қазақстанда ғана дамыта аламыз. Екіншіден, жалпы интеграциялану үшін, басқа көрші мемлекеттермен жұмыс істеу үшін бізге орыс тілі мен ағылшын тілі де қажет. Міне, осы жағдайға байланысты қазір мектептерде пәндер қазақ, орыс және ағылшын тілінде оқытылып жатыр», – деді Шәмшидинова үкімет үйінде.
Министр мектептер пәндерді ағылшын тілінде оқытуға біртіндеп көшетінін атап өтті. «Әрине, елдің бәрін көп толғандырып, көп шулатқан мәселе – ол пәндерді ағылшын тілінде оқыту. Осыған байланысты министрлік қазір кадрлардың дайындығына қарай біртіндеп көшуді қарастырып отыр», – деді ол. Оның айтуынша, 2016 жылы жоғары оқу орындарында ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдерді даярлауға мемлекеттік тапсырыс берілген. Сол тапсырыспен болашақ мұғалімдер келесі жылдан бастап университтерді бітіріп шыға бастайды. Сондықтан да балаларды ағылшын тілінде оқыту мәселесі кезең-кезеңмен, кадрлардың және мектептердің дайындығына байланысты мектептердің қалауымен біртіндеп енгізіледі. «Біз қазір 15 мектеп немесе 20 мектеп енгізсін деген талап қойып отырған жоқпыз», – деді Шәмшидинова.
Сағадиевтің тұсында қордаланған проблемалар жаңа министрге «мұра» болып қалғаны белгілі. Күләш Шәмшидинова келесі жылы жаңа білім бағдарламасын дайындамақшы. «Біз Сағадиевтің саясатын емес, мемлекеттің білім саласындағы саясатын жалғастырамыз», – деген Шәмшидинова Сағадиевтың сүрлеуіне түсіп кетпесе болғаны.
qazaquni.kz