Елбасының жаңа әлеуметтік бастамаларына қанша ақша бөлінетіні белгілі болды
2019 ж. 12 наурыз
2443
3
Үкімет 2019 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасының тұжырымдамасын бекітті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бюджетті нақтылау аясында "Нұр Отан" партиясының XVIII съезінде айтылған жаңа әлеуметтік шараларды іске асыру, сондай-ақ 2017 және 2018 жылдардағы жолдауларда берілген тапсырмалар мен мемлекеттің бұрын қабылданған міндеттемелерін іске асыру жоспарланып отыр.
Министрдің айтуынша, Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферт 250 миллиард теңгеге ұлғайтылады.
"Нақтылау жобасында қаражатты 3 бағыт бойынша бөлу көзделіп отыр. Бірінші бағыт "Нұр Отан" партиясының съезінде мемлекет басшысы айтқан "Әлеуметтік қамқорлық" әлеуметтік шараларын іске асыру. Оған 444,3 миллиард теңге қарастырылып отыр", - деді Смайылов.
Осы қаражат аясында мыналар жоспарланып отыр:
- азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдауды күшейту – 224,3 миллиард теңге;
- аз қамтылған көп балалы отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй салу және Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жеңілдікті кредит беруді енгізу – 100 миллиард теңге;
- өңірлік инфрақұрылымды дамыту 90 миллиард теңге;
- "Ауыл – ел бесігі" арнайы жобасын іске асыру 30 миллиард теңге.
Ал екінші бағыт – Жастар жылын өткізуге 24,6 миллиард теңге көзделген. Үшінші, президенттің 2017 және 2018 жылдардағы жолдауларында айтылған тапсырмаларын орындау – 286 миллиард теңге.
"Осы қаражат аясында Түркістан облысының және Астананың кешенді даму жоспарларын іске асыру, Астанада ғылыми-онкологиялық орталық салу, "Сарыарқа" газ құбырын салу, сондай-ақ ел қауіпсіздігін қамтамасыз етумен байланысты шараларды іске асыру жоспарланып отыр. Осымен президенттің барлық берген тапсырмалары қаржылай қамтамасыз етіледі", -деді Смайылов.
Сонымен қатар, ол тікелей инвестициялар қорын құруға Ұлттық қордан 370 миллиард теңге нысаналы трансферт тартылатынын атап өтті. Осының есебінен 821 миллиард теңгеге ұлғаюмен республикалық бюджет түсімдері 10 триллион 569 миллиард теңгені құрамақ.
Үкімет мүшелері бюджетті нақтылау туралы заң жобасының тұжырымдамасын қолдап дауыс берді.