Мемлекеттік хатшы аналарды мерекесімен құттықтады
2019 ж. 10 наурыз
2177
0
Мемлекеттік хатшы концерт алдында Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың атынан еліміздегі әйелдер қауымын Халықаралық 8 наурыз мерекесімен құттықтады.
Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының құттықтау сөзінде қоғам өміріндегі және мемлекетті дамыту ісіндегі әйелдердің рөлі айрықша аталып өткені туралы айтты.
– Сіздер елдіктің жүгін ер-азаматтармен бірдей арқалап, сан түрлі салада табысты еңбек етіп, мемлекетімізді нығайтуға, елдігімізді баянды етуге бірегей үлес қосып келесіздер, – делінген құттықтауда.
Сондай-ақ, Елбасының құттықтауында әйелдер қауымы шаңырақтың берекесі мен отбасылық құндылықтарды сақтап, бүкіл қоғамның үйлесімді дамуына септігін тигізіп отырғаны жөнінде айтылған.
– Барша қазақстандық аналарға жан-жақты қолдау көрсетіп, қамқорлық жасау – ер-азаматтардың борышы және мемлекеттің ең басты міндеті. Біз осы үдеден шығу үшін аянбаймыз, – делінген құттықтау сөзде.
Концертте «Astana Ballet», «Жастар» театрларының өнерпаздары, халық әртістері Ә.Дінішев, Р.Рымбаева, сондай-ақ танымал орындаушылар Р.Малцагов, Р.Нұржігіт, Ayree, Н.Керменбаев, Ә.Оқапов, А.Жорабаева, «Жас сарбаз» балалар хоры, Қ.Әбілдина студиясының шәкірттері өнер көрсетті.