Астана маңайындағы ауылдарға су басу қаупі төніп тұр
2019 ж. 06 наурыз
2852
1
Ильинка тұрғын алабының шығыс бөлігі, Көктал-1 тұрғын алабы, Сарыбұлақ өзені өтетін аймақтағы Өндіріс тұрғын алабы, сонымен қатар Газмашаппаратура саяжай алабына су басу қаупі төніп тұр. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты жазды.
Осы жылғы су тасқынына қарсы шаралардың ерекшеліктері туралы қалалық Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов айтып берді.
«Биыл су тасқынына қарсы шаралар аясында Есіл және Сарыбұлақ өзендерінің арнасына ерекше мән берілуде. Газ аппаратурасы аймағында және Өндіріс тұрғын алабы аймағында Есіл және Сарыбұлақ өзендерінің арнасын кеңейту бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Сонымен қатар, су тасқынына қарсы жүргізіліп жатқан шаралардың аясында Майбалық көлінен «Нұра-Есіл» каналына дейінгі Н. Назарбаев атындағы халықаралық әуежай маңындағы қолданыстағы каналда әкімдік тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр», – деді Е. Төлеуов.
Сонымен қатар, Ақорда алдыңдағы Есіл өзенінің арнасы, М-3 көпірінің жанындағы LRT желісінің құрылысы аймағы, «Нұрлы Жол» теміржол бекеті маңындағы Есіл өзенінің арнасы үнемі бақылауда екенін айтты.
Аудан әкімдіктері тасыған суды сору мақсатында суқабылдағыштар мен кәріз жүйесі коллекторларын тазалау бойынша жұмыстарды атқарып жатыр. Су астында қалуы мүмкін жерлер үнемі бақылауда. Ол жерлерге арнайы мамандандырылған техникалар бекітілген.
Сонымен қатар, ведомство басшысы тасқын кезінде қаланың қай бөлігіне су басу қаупі төніп тұрғандығын айтты.
«Су тасқынына Ильинка тұрғын алабының шығыс бөлігі, Сарыбұлақ өзені өтетін аймақтағы Өндіріс тұрғын алабы, Газмашаппаратура саяжай алабы, сонымен қатар Көктал-1 тұрғын алабы су астында қалуы мүмкін,- деді Е. Төлеуов.
2019 жылғы көктемгі су тасқыны кезеңіне қаланы азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін дайындау үшін жоспар дайындалған. Олар коммуналдық қызметтердің және ішкі істер органдарынан автомобиль және инженерлік техникасынан жасақталған, құрамында 663 адамнан тұратын жеке құрам, 191 техника бірлігі, соның ішінде екі өрт сөндіру сорғыш станциясы, 14 жүзу құралы, 30 мотопомп, сондай-ақ бір тік ұшақ бар.
Сонымен қатар, 23 шатыр, 400 кереует, төсекке керек-жарақ заттар, көлемі 16,8 мың тонна (құм, ұсақ тас) инертті материалдардың, жанар-жағармай материалдарының және тамақ қоры дайындалды.
Еске сала кетейік, осыған дейін ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсембинов елорда іргесіндегі ауылдардың жағдайын жақсарту бойынша мәселе көтеріп, "Ақ жол" партиясының өкілдеріне Астана маңайындағы елді-мекендерді аралап шыққан болатын.