Алматы облысында 11 көпбалалы отбасына пәтер кілті табысталды
2019 ж. 26 ақпан
2324
1
Бүгінде Алакөл ауданында 1107 көпбалалы отбасы тіркелген. Ал оның 186-сы аз қамтылғандар санатында. Бұл отбасылардың хал- аһуалы мемлекет тарапынан үнемі бақылауда.
Өткен жылы ауданымыздағы 374 отбасыға 75 млн. 122 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек көрсетілген. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар да бар. Ал жыл басынан бері 186 шаңыраққа 6 млн. 552 мың теңге бөлініп, игерілді.
Бұл туралы Алакөл аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айнагүл Садырбекова мәлімдеді, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.
Сондай-ақ, пәтер жалдап, жалақыны жалақыға жалғап жүрген тұрғындар мәселесін оңтайландыру бағытында жұмыстар атқарылуда. Соның нәтижесінде Үшарал қаласының шығыс беткейінде бой көтерген көпқабатты тұрғын үйлерден әлеуметтік көмекке мұқтаж 11 көпбалалы отбасына пәтер кілті табысталды. Биыл да ізгілікті іс жалғасын тауып, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлерін баспанамен қамту мәселесі күн тәртібінен түспек емес.
Әлеуметтік жағдайы төмен бүлдіршіндерді тегін ыстық тамақпен, мектепке қажетті құралдармен, киім-кешекпен қамту, оларға азық-түлік, қыстық көмір-отын жеткізу ісі де жіті назарда.
Қазақстанның болашағы бүгінгі жастарға тиесілі. Демек, оларға дер кезінде демеу болу кейінге шегерер жұмыс емес. Баланың алаңдамай білім алуына өзін-өзі дамытуына мүмкіндік тудыру арқылы кемел келешегімізді қалыптастыратынымыз аян.