Қаржы министрі аналардың талабы туралы: әр балаға 20 мыңнан төлеуге болады
2019 ж. 12 ақпан
2814
1
Көп балалы аналардың 18 жасқа дейін әр балаға 20 мың теңгеден төлеу туралы талабына қаржы министрі Әлихан Смайылов түсініктеме берді, - деп хабарлайды sputniknews.kz.
"Бұл мәселе қазір жұмыс тобында қаралып жатыр. Біріншіден, бұл бала бір жасқа толғаннан кейін де көмек көрсету үшін жас шегін ұзартуға қатысты. Төлем көлемін ұлғайту мәселесі бойынша тиісті ұсыныс енгіземіз", - деді қаржы министрі журналистерге арналған баспасөз мәслихатында.
БАҚ өкілдері "аналардың мұндай талабы қаншалықты орындалады, оған қаржы бар ма?" деп сұрады.
"Мұны жүзеге асыруға болады, біз қазір жұмыс істеп жатырмыз. Талқыланып жатқандықтан, сіздерге әзірге нақты сандарды айта алмаймын, қазір басқа санды айтып, ертең басқаша болып шығып жатса, дұрыс болмайды", - деп түсіндірді ол.
Айта кетейік, Қазақстанда төрт және одан да көп баласы бар отбасылар көпбалалы болып саналады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, былтырғы есеп бойынша, елде 230 мыңнан астам көп балалы ана тұрады. Олардың көпшілігі кедейлік шегінен төмен жағдайда өмір сүреді.
Көп балалы отбасылардың тұрмыс жағдайы туралы мәселе 4 ақпанға қараған түні Астанадағы жеке тұрғын үйде өрттен бес қыз қаза болғаннан кейін ушыға түсті. Балалардың ата-анасы түнде жұмыс істеген.
Қыздарды жерлегеннен кейін Қазақстанның әртүрлі қалаларында көп балалы аналар биліктен тұрғын үй мәселесін шешіп, жәрдемақы мөлшерін арттыруды, кредиттерді кешіруді, сондай-ақ, өздерінің пікірінше, міндетін атқара алмай отырған еңбек министрі Мәдина Әбілқасымованы отставкаға жіберуді талап етті.