Ноғаев Жайық өзеніндегі балықтың қырылуына қатысты пікір білдірді
2019 ж. 06 ақпан
2591
0
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Индер ауданына жұмыс сапары барысында журналистердің сауалдарына жауап беріп, Жайық өзеніндегі балықтардың қырылуына қатысты пікірін білдірді, - деп хабарлайды baq.kz.
-Жайық өзеніндегі балықтардың қырылуы бойынша құқық қорғау органдары тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Екі қылмыстық іс қозғалды. Аяқталғаннан кейін құқық қорғау органдары жағдайға құқықтық баға беретін болады - деді Нұрлан Ноғаев.
Облыс әкімі ведомствоаралық комиссия құрылып, жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Зертханалық зерттеулер Жайық өзені суының тұрғындарға қауіпсіз екенін көрсетті. Балық өлімінің жаңа деректері тіркелген жоқ.
- Атырау базарларындағы балық өнімдерінің қауіпсіздігі туралы айтар болсақ, сатуға шығарылған балық өнімдерінің бәрі сертификатталған. Ветеринарлық қызметтер, санэпидемиологтар тұрақты түрде бақылау жасап отырады. Барлық өкілетті органдар сауда орындарына шығарылған өнімдердің қауіпсіздігі мәселесімен айналысады, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
Бұған дейін Қызылқоға ауданында өткен ауыл шаруашылығы саласы жөніндегі көшпелі отырыста облыс әкімі аймаққа ветеринария мен ихтиология салаларында білікті мамандарды тарту туралы айтып, жергілікті атқарушы органдар олардың жұмыстарына қажет жағдайларды жасауға дайын екенін атап өткен болатын.
Айта кетейік, 16 қаңтар мен 15 ақпан аралығында Жайық өзенінде балық қорының қырылуын анықтау мақсатында балықты бақылау үшін аулау ұйымдастырған. Сондай-ақ, 4 ақпанда Жайық өзенінде 10 учаскеде сүңгуірлік жұмыстар жүргізілді. Балық қырылуының жаңа деректері тіркелген жоқ.